Мәжілісте өткен жасанды интеллект тақырыбына арналған жиында Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов білім беру жүйесінде ЖИ технологияларын тек оқыту процесіне ғана емес, бағалау мен кәсіби бағдар беру бағытында да қолдану қолға алынғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, Tester.kz платформасы оқушылардың тестілеу нәтижелерін сараптап, олардың қиындық туындайтын тақырыптарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жүйе арқылы мектеп, сынып және пән деңгейінде толыққанды білім картасы жасалады, – деді ол.
Ал Jinaq платформасы оқушылардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған. Ол оқушының қызығушылығы мен қабілеттерін ескере отырып, мамандық таңдауға ұсыныстар береді.
Әр оқушыға жеке траектория жасалып, нақты қадамдық жоспар құрылады, – деді Ахметжанов.
Сонымен қатар, Artisan Education шешімі арқылы инженерлік бағыттағы тәжірибелік оқыту енгізілуде.
Жобалық жұмыстар негізінде оқушылар нақты өмірлік міндеттерді шешуді үйренеді. Жасанды интеллект олардың дағдыларын бағалап, жеке даму жоспарын құруға көмектеседі. Ал мұғалім бұл процесте фасилитатор рөлін атқарады, – деді вице-министр.
Ахметжановтың айтуынша, бұл бастамалар Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, ата-аналар, оқушылар мен EdTech қауымдастығының қатысуымен қоғамдық талқылаулар мен форсайт сессиялар өткізу жоспарланып отыр.
Мәжілісте Әлеуметтік салада жасанды интеллектіні қолдану тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр. Жиында депутат Асхат Аймағамбетов ЖИ-ді мектептерде енгізу мәселесіне ерекше назар аударды. Сөзінше, оқушылар сабақты жасанды интеллектпен жасап жүр.
Оқушылар мен мұғалімдер сабақта ЖИ-ді қалай қолданатыны жайлы да жаздық.