- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Оқушылардың 72%-ы ҰБТ алдында стресс сезінеді: Зерттеуде тағы қандай дерек анықталды?
Оқушылардың 72%-ы ҰБТ алдында стресс сезінеді: Зерттеуде тағы қандай дерек анықталды?
22 Қазан 2026, 15:48
Зерттеу оқушылардың мамандық таңдауына қандай факторлар әсер ететінін, ҰБТ алдындағы психологиялық жағдайын және мектеп бітіргеннен кейінгі жоспарларын анықтауға бағытталған.
Мамандықты кім таңдайды: оқушы ма, әлде грант па?
Сауалнамаға қатысқандардың 93,1%-ы болашақ мамандығын өздері таңдағанын айтқан. Ал мамандық таңдауда ең маңызды фактор ретінде оқушылардың 86%-ы жеке қызығушылығы мен бейімділігін атаған.
Дегенмен қаржылық жағдай мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктер де шешімге әсер етеді. Зерттеу нәтижесі бойынша, оқушылардың мамандық таңдауына ықпал ететін негізгі факторлар:
-
86%-ы – жеке қызығушылығы мен бейімділігі;
-
42%-ы – болашақтағы жоғары жалақы;
-
15,2%-ы – ата-анасы мен туыстарының кеңесі;
-
9,5%-ы – грант санының көп болуы.
Ал «Егер таңдаған мамандығыңа мемлекеттік грант аз бөлінсе немесе мүлде берілмесе, шешіміңді өзгертер ме едің?» деген сұраққа респонденттердің 32,5%-ы «иә» деп жауап берген.
Бұл оқушылардың мамандықты өз қалауымен таңдағанымен, сол бағытта білім алу мүмкіндігі грантқа байланысты болуы ықтимал екенін көрсетеді.
Қай мамандықтарға сұраныс жоғары?
Сауалнамаға қатысқан оқушылар арасында гуманитарлық және педагогикалық бағыттар алдыңғы орынға шыққан. Бұл саланы респонденттердің 43,1%-ы таңдаған.
Қалған бағыттар бойынша көрсеткіштер мынадай:
-
Техника және IT – 18,3%;
-
Медицина – 14,8%;
-
Экономика және бизнес – 12,4%;
-
Құқық – 9,1%;
-
Өнер және шығармашылық – 2,3%.
Зерттеу авторлары педагогика бағытының танымал болуын мемлекеттік қолдау, шәкіртақы мөлшері және еңбек нарығындағы сұраныспен байланыстыруы мүмкін екенін атап өткен.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстан экономикасына 883 295 маман қажет болады. Оның ішінде 185 491 маман, яғни 21%-ы педагогика саласына тиесілі.
Оқушылар ҰБТ-ны болашағын шешетін сынақ деп санай ма?
Зерттеу нәтижесі түлектердің ҰБТ-ға қатысты көзқарасы әртүрлі екенін көрсетті.
«ҰБТ нәтижесі сенің бүкіл болашағыңды шешеді деп ойлайсың ба?» деген сұраққа:
-
45,7%-ы – «Жоқ»;
-
27,7%-ы – «Иә»;
-
26,6%-ы – «Білмеймін» деп жауап берген.
Яғни оқушылардың басым бөлігі ҰБТ-ны өмірдегі жалғыз шешуші фактор деп санамайды. Алайда бұл олардың емтиханға алаңдамайтынын білдірмейді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, оқушылардың 72,3%-ы ҰБТ алдындағы стресс деңгейін орташа немесе жоғары деп бағалаған. Ал 7,2%-ы стресс сезінбейтінін айтқан.
ҰБТ алдындағы стреске не себеп?
Сауалнамада оқушылардан емтиханға дайындық кезінде қандай мәселелер мазалайтыны да сұралған.
Негізгі стресс факторларының қатарында:
-
75,4% – грантқа түсе алмау қорқынышы;
-
56,7% – емтиханға жеткілікті дайын емес екенін сезіну;
-
33,4% – ата-ананың қысымы.
Бұл көрсеткіштер ҰБТ-ның оқушылар үшін тек білімін тексеретін емтихан емес, отбасылық күтулер мен болашаққа қатысты алаңдаушылықпен қатар жүретін кезең екенін аңғартады.
Зерттеуде психолог әрі ұстаз Құралай Шаукилова оқушының жағдайын тек бағалары мен ҰБТ нәтижесіне қарап бағалау жеткіліксіз екенін атап өткен.
Оның пікірінше, жоғары нәтиже көрсетіп жүрген оқушының өзі ішкі қысымды сезінуі мүмкін. Сондықтан ата-ана мен мұғалім баланың үлгерімімен қатар, ұйқысына, көңіл күйіне, қарым-қатынасына және күнделікті әдеттеріндегі өзгерістерге де назар аударуы керек.
Маман балаға қиындық туындаған кезде көмек сұраудың қалыпты екенін түсіндіру маңызды екенін айтады.
Оқушылар психологиялық қиындықтарын кіммен бөліседі?
Зерттеудегі назар аударарлық деректердің бірі – оқушылардың психологиялық қолдауға жүгінуі. Респонденттерге қиындықтары туралы кімге айтатыны жөнінде сұрақ қойылған. Бірнеше жауапты таңдауға мүмкіндік берілген.
Нәтижесінде:
-
55,2%-ы – ешкімге айтпай, мәселені өздері шешетінін;
-
36,4%-ы – ата-анасына;
-
33,7%-ы – достарына;
-
2,7%-ы – мектеп психологына немесе мұғаліміне;
-
2,2%-ы – әлеуметтік желіде анонимді түрде жүгінетінін айтқан.
Осылайша, оқушылардың жартысынан көбі қиындықтарын іште сақтауға бейім екенін көрсеткен. Ал мектеп психологы немесе мұғаліміне жүгінетіндердің үлесі небәрі 2,7% болған.
Зерттеу авторлары бұл көрсеткішті оқушылар психологиялық көмекке мұқтаж емес деп түсіндіруге болмайтынын атап өтеді. Мұнда маманға деген сенім, қызметтің қолжетімділігі және құпиялылыққа қатысты түсінік те маңызды болуы мүмкін.
Сондықтан мектепте психологтың болуы ғана емес, оқушының сол маманға еркін әрі сенімді түрде жүгіне алуы да маңызды.
Кәсіби бағдар көмегіне сұраныс қандай?
Оқушылардың болашақ мамандықты таңдауына қатысты тағы бір мәселе – кәсіби бағдар беру қызметі.
Зерттеу нәтижесі бойынша, респонденттердің:
-
18,4%-ы кәсіби бағдар маманының көмегін пайдалы деп бағалаған;
-
34,2%-ы мұндай көмек алмағанымен, алғысы келетінін айтқан;
-
47,4%-ы кәсіби бағдар көмегін қажет деп санамайтынын білдірген.
Кәсіби бағдар маманы Әсел Жасталапқызының пікірінше, оқушылар бұл қызметті кейде бір реттік тест немесе белгілі бір мамандықты ұсынып беретін кеңес ретінде қабылдайды.
Алайда кәсіби бағдар баланың қызығушылығы мен қабілетін, оқу мүмкіндіктерін және болашақ еңбек нарығындағы сұранысты бірге қарастыруы керек.
Мамандық таңдағанда тек грант санына немесе жалақыға сүйену дұрыс емес. Бұл факторлар маңызды болғанымен, оқушының жеке бейімділігін алмастырмауы керек.
Зерттеу авторлары кәсіби бағдар жұмысын тек 11-сыныпта өткізілетін бір реттік кездесумен шектемей, 8–11-сынып аралығында кезең-кезеңімен жүргізуді ұсынады.
Зерттеу нәтижесі нені көрсетеді?
JUZ40 жүргізген сауалнама қазақстандық оқушылардың алдында бір-бірімен байланысты бірнеше мәселе тұрғанын көрсетеді. Бір жағынан, оқушылардың басым бөлігі мамандықты өз қызығушылығына сүйеніп таңдайды. Екінші жағынан, грантқа түсу мүмкіндігі олардың шешіміне әсер етеді. Сонымен қатар ҰБТ алдындағы стресс деңгейі жоғары, ал психологиялық қиындықтарын ешкіммен бөліспейтін оқушылардың үлесі басым.
Болашаққа қатысты жоспарлар да жастардың ірі қалаларға бет бұратынын көрсеткен. Оған мансаптық өсу мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ықпал етеді.
Зерттеу авторлары бұл мәселелерді шешу үшін грант саясатын, кәсіби бағдар беру жүйесін, психологиялық қолдауды және өңірлік дамуды өзара байланысты қарастыру қажет деп санайды.
Олардың пікірінше, оқушыға тек мамандық таңдауға көмектесу жеткіліксіз. Сондай-ақ өз қабілетін түсінуге, еңбек нарығын бағалауға және таңдаған бағыты бойынша білім алу мүмкіндігін анықтауға жағдай жасау маңызды.
Оқи отырыңыз:
ҰБТ-ның жаңа форматы әзірленіп жатыр: Қандай өзгерістер енгізіледі?
Ең оқылған:
- 1 қаңтардан бастап халыққа үй алуға 5 млн теңгеден беріледі: Кім ала алады?
- Трамп Зеленскийді Путинмен кездеспей-ақ Ресеймен келісімге келуге шақырды
- 2027 жылдан атаулы әлеуметтік көмек кімдерге берілмеуі мүмкін? Жаңа талаптар бекітілді
- 55 жасқа жетпей зейнетақы алуға болады: Қазақстанда кімге рұқсат беріледі?
- Тарақан толы үйде азық-түлік те, су да болмаған: Риддерде аш-жалаңаш отырған 4 бала отбасынан алынды
Сымбат Сатыбалдина