Мәжілісте өткен жасанды интеллект тақырыбындағы жиында Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов білім беру саласында ЖИ технологияларын қолдану бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда AI Kitap деп аталатын оқушының білім деңгейіне бейімделетін заманауи цифрлық оқулық әзірленіп жатыр.
Жүйе оқушының үлгерімін талдап, әлсіз тұстарын анықтайды және сол бойынша қажетті бөлімдерге бағыттайтын болады, – деді Асылбек Ахметжанов.
Сонымен қатар, Tester.kz платформасы оқушыларға пәндер бойынша тәулік бойы виртуалды көмек көрсетсе, мұғалімдер үшін сабақ жоспарын, презентацияларды және тест тапсырмаларын автоматты түрде жасауға мүмкіндік береді. Жүйе сондай-ақ түрлі форматтағы бақылау жұмыстары мен қорытынды бағалауға арналған тапсырмалар әзірлеуді жеңілдетеді.
Бұдан бөлек, CyberFormula³ кешені де іске қосылмақ. Бұл – онлайн және оффлайн оқытуды біріктіре отырып, оқушылардың жеке қабілеттеріне сай білім алу траекториясын құруға бағытталған жүйе.
Оқушыларға тақырыптарды түсіндіруде виртуалды көмек көрсетіп, білім деңгейін қадағалап отырады. Ал мұғалімдерге тапсырмаларды тексеру мен қосымша материалдар ұсынуда көмек береді, – деп атап өтті вице-министр.
Мәжілісте Әлеуметтік салада жасанды интеллектіні қолдану тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр. Жиында депутат Асхат Аймағамбетов ЖИ-ді мектептерде енгізу мәселесіне ерекше назар аударды. Сөзінше, оқушылар сабақты жасанды интеллектпен жасап жүр.