2024 жылдан бастап Қазақстанда жоғары сынып оқушыларына және кәсіби бағдарын жоспарлап жүрген жастарға арналған «Мансап компасы» инновациялық платформасы жұмыс істей бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл цифрлық құрал еңбек нарығындағы өзекті трендтерді ескере отырып, болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектеседі.
Мансап компасы қалай жұмыс істейді?
Платформада оқушылар сұранысқа ие кәсіптер туралы, колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу талаптары, білім гранттарын алу шарттары және мамандықтар бойынша еңбек нарығындағы перспективалар туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар, қызмет болашақ жұмысқа орналасу, тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін зерттеуге жол ашады.
Негізгі артықшылықтары:
- Қазақстандағы еңбек нарығы туралы ауқымды деректер қоры;
- Жұмысқа орналастыру рейтингі бойынша оқу орындарының тізімі;
- Мамандықтар бойынша қажетті еңбек функциялары мен дағдылар;
- Ұлттық кәсіптер жіктеуішіне сәйкес толықтырылған жұмысшы кәсіптер тізімі.
Қазіргі уақытта «Мансап компасы» платформасында экономиканың 16 саласына қатысты ең көп таралған 745 кәсіп қамтылған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында толыққанды жұмысшы кәсіптер бойынша мәліметтер базасы да кеңейтілді.
Бұл заманауи құрал жұмыс іздеуді оңтайландырып, пайдаланушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға, өз қабілетін бағалауға және қолайлы еңбек шарттарын табуға мүмкіндік береді.