Қазақстандық оқушылар 2022 жылғы ең беделді халықаралық олимпиадаларда 27 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Индонезияда өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) оқушыларымыз 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Бұл беделді олимпиадаға біздің 4 оқушы қатысты. 90-ға жуық елден келген 350-ден астам қатысушының басын қосқан жарыста 4 оқушымыз да жүлделі орындарға ие болды. Оралдық Жамбыл Мақсотов пен семейлік Мұхаммадариф Сахмолдин күміс, ал алматылық Ван Ли мен Таймас Қорғанбаев қола жүлдені иеленді, - деп жазды министр.
Осылайша, қазақстандық оқушылардың 2022 жылы ең беделді халықаралық олимпиадаларда жеңіп алған медальдарының саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстан құрамасының қоржынында 27 медаль бар, оның ішінде 3 алтын, 15 күміс және 9 қола.
Биыл алғаш рет Президенттің қолдауының арқасында халықаралық жарыстардың жеңімпаздары 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы мен ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-да оқуға грантқа ие болады. Оқушыларымызды жаңа жоғары нәтижелерімен және лайықты марапаттарымен құттықтаймын. Ата-аналарына қолдау көрсеткендері үшін, педагогтерге еңбектері мен кәсіби шеберліктері үшін алғыс айтамын, - деді ол.