Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі “El Umiti” қоры” корпоративтік қорымен серіктестікте алтыншы жыл қатарынан 6 сынып оқушыларына арналған “Мың бала” ұлттық олимпиадасын ұйымдастырып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Астанада ауыл оқушыларының “Мың бала” ұлттық олимпиадасына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шараның ашылуында “El Umiti” қорының басқарушы директоры Гүлім Жүсіпова олимпиаданың маңызды мақсаттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстандағы 160 мыңнан астам ауыл оқушысының 60%-ын қамту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ №9 “Зерде” мамандандырылған мектебінің директоры Нұрбек Аманов арнайы қатысып, мамандандырылған мектептердегі білім сапасы жайлы өз пікірін білдірді.
“Мың бала” олимпиадасы – ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтайтын және оларға қолдау көрсететін аса маңызды жобалардың бірі. Бес жыл ішінде олимпиадаға ауыл мектептерінде оқитын 754 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысты. Олардың арасынан 5000-ы олимпиада жеңімпазы атанды, 1800-ге жуық оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды. Биыл алғашқы жеңімпаздар мектепті аяқтайды. 6 жыл бұрын жеңімпаз атанған 121 бала бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен. “Мың бала” олимпиадасына қатысу тегін. Биылғы “Мың бала” олимпиадасына тіркелу 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында өтеді.
Teach for Kazakhstan жобасының негізін қалаушы Гүлнар Салмен іс-шарада өз пікірін білдіріп, ауыл оқушылары мен әлеуетін дамытудағы мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті.
“Мың бала” олимпиадасы екі кезеңнен тұрады.
I кезең онлайн форматта өтеді. 1 сәуір мен 10 сәуір аралығында 1000bala.elumiti.kz сайтында тестілеуден өту қажет. Тестілеу екі бөлімнен тұрады: логикалық ойлау, кеңістіктік ойлау. Тест 40 сұрақты қамтиды және шамамен 90 минутты алады. Тестілеуден камерасы бар ноутбук арқылы немесе интернетке қосылған веб-камерасы бар компьютерден тапсыруға болады. Сондай-ақ, қатысушылар тестілеуден өз мектептерінде немесе өңірлік “Дарын” орталықтарында өте алады. Облыстап бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың II кезеңіне өтеді.
Олимпиаданың екінші кезеңі 28-30 сәуір аралығында өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар мынадай пәндер бойынша академиялық білімдерін бағалау үшін компьютерлік тестілеуден өтеді: математикалық сауаттылық, қазақ тілінде оқытатын оқушылар үшін қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын оқушылар үшін орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану. Тест 100 сұрақтан тұрады және 150 минутқа созылады.
Үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар Дарын, БИЛ және РФММ сияқты мамандандырылған мектептерде оқуға түсу мүмкіндігіне ие болады.