ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Батыс Қазақстан облысындағы оқушыға хат жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Ақсай қаласындағы №5 орта мектептің 1-сынып оқушысы Құнысов Тимурдың видеосы тараған болатын.
Үй тапсырмасын анасымен бірге орындап отырған оқушы анасына оны әжесімен орындағанды жөн көретінін айтады. Алайда анасының әжесі тек 3 сыныпты бітіргенін айтады. Мұндай жауапқа бала таңданып, әңгіменің қызығына кіре бастайды.
Хатта министр анасынан ғана емес, екі әжесінен де қатар тәрбие мен білім алу үлкен бақыт екенін атап өтіп, баланы анасын тыңдауға, үлкенді сыйлауға және сабақты жақсы оқуға шақырды.
Асхат Аймағамбетов қазіргі оқушылардың білім алуына және еліміздің бұдан да қарқынды дамуына үлес қосуға мүмкіндіктері жоғары екенін айтты. Себебі жақсы оқып, еңбектенген адам өмірде үлкен жетістікке жетеді.
Асхат Аймағамбетов келе жатқан Жаңа жылға орай оқушыға сыйлық жіберіп, каникулда көбірек кітап оқуға кеңес берді.
Құрметті Тимур!
Анаңмен бірге үй тапсырмасын орындап отырған видеоны көрдім. Екі әжеңнен де қатар тәрбие алу - ол үлкен бақыт.
Бұрын біздің ата-әжелеріміздің қазір берілетіндей білімді алуға мүмкіндіктері болмады. Алайда сол кездегі қиын жағдайға қарамастан, ата-әжелеріміз ата-аналарымызға дұрыс тәрбие беру үшін барын салып, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосты.
Қазіргі оқушылардың оқуға және еліміздің дамуына көбірек үлес қосуға мүмкіндіктері бар. Ал жақсы оқып, еңбектенген адам өмірде үлкен жетістікке жетеді.
Оқушыларымыздың халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, жаңа рекордтар орнатып жатқаны туралы жаңалықтар қазірдің өзінде үйреншікті нәрсеге айналып үлгерді. Ал балалар жетістіктері үшін білім гранттары мен ақшалай сыйлықтар алады. Менің ойымша, бұл балаларға ынта-жігер береді.
Егер сен жақсы оқып, үлкендерді сыйласаң және анаңның айтқанын тыңдап, сабақты жақсы орындасаң, онда сенің жетістіктерің мен жеңістерің жайында әлі талай рет еститінімізге сенімдімін.
Әрқашан ізденімпаз, еңбекқор бол, өзіңе сен. Ұстаздарға құрметпен қарап, жақындарыңа қамқор бол.
Алдымызда Жаңа жыл келе жатыр. Осы мейрамға орай саған жаңа жылдық сыйлықтар жіберіп отырмын. Саған мықты денсаулық және табыс тілеймін. Алға қойған арман-мақсаттарың орындала берсін!
Құрметпен, Асхат Аймағамбетов!