Оқу-ағарту министрі Алматыдағы жұмыс сапары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тараптар педагогикалық қоғамдастықты дамыту және жас мұғалімдердің құзыреттілігін арттыру жөнінде пікір алысты.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамымен әңгімелесу барысында болашақ педагогтерді заман талабына сай даярлау мақсатында білім беру бағдарламаларын жетілдіру мәселесі көтерілді.
Оқу-ағарту министрі еліміздің барлық педагогикалық жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау қажеттігін, университет ұжымы алдында тұрған өзекті міндеттерді атап өтті.
Кездесуде болашақ педагогтер мектептегі оқу үдерісін жақсарту бойынша ұсыныс пікірлерін білдіріп өз ойларымен бөлісті. С
онымен қатар еліміздің бас педагогіне білім беру сапасы мен жас мұғалімдердің құзыреттілігін арттыруға қатысты сұрақтар қойды.
Ғани Бейсембаев жастарға қазіргі педагогтің маңызды үш аспектісін атап өтті.
Жаһандану дәуірінде үш тілді меңгерген білікті мұғалім кез-келген кедергіні жеңіп, жетістікке жете алады. Сіздер әлемдік деңгейдегі сапалы ақпараттық интеллектуалдық ресурстарды өз бетімен алып, талдай білетін, жаңа идея ұсына алатын, үнемі даму үстінде жүретін, жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптасуларыңыз қажет. Түрлі компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, оқу процесінің тиімділігін арттыруда барлық техникалық мүмкіндіктерді пайдалану маңызды, — деді Ғани Бейсембаев.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 401 мектеп салу жоспарланды.
Білім беру ұйымдарын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету негізгі міндеттің бірі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті — еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының қарашаңырағы. Мұнда 2200 болашақ мұғалім білім алады.