«Оpen әкімдік» сервистік қызметі қосылғалы түрлі мәселемен келетін адам саны 2 есе азайды

11 Ақпан 2021, 11:58
1007
Бөлісу:
«Оpen әкімдік» сервистік қызметі қосылғалы түрлі мәселемен келетін адам саны 2 есе азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов «Antikor.LIVE» жобасы аясында өткен тікелей эфир барысында айтты.

Жыл өткен сайын Есіл ауданындағы халық саны өсіп келеді. Былтыр 35 мың адамға көбейді, бүгінде ауданда 295 мың адам тұрады. Тиісінше халыққа көрсетілетін қызметтер саны да өсуде. Біз ауданға 2019 жылы қызметке келгенде әкімдік ғимараты халыққа қолжетімді болуы үшін «Оpen әкімдік» сервистік тұрғыда өзгерткен едік. Бұл бастауы ғана еді, әлі де жалғасады. Тек 2020 жылдың өзінде 18 800 адамға сол жерден қызмет көрсетілді. Статистика бойынша халықтан келіп түсетін сұраныстың дені – көлік және мүліктік салықтар, түрлі актілерін тіркеу, тұрғын үй, жұмыспен қамту  мәселелері. Есіл ауданы көлемі бойынша ең үлкен аудан, мұнда  42 адам қызмет етеді. Әкімдікке күніне 200-300 адам түрлі сұрақпен келеді екен. Халықтың осынша нөпірінің мәселелерін шешуге 42 адам аздық етеді, тиісінше, негізгі деген жүйелі мәселелер  шешілмей қалып жатады. Осы жағдайды реттеу мақсатында біз халық тарапынан ең жиі сұралатын 15 сұрақты жүйелеп,  «Оpen әкімдік» сервистік қызметін ұйымдастырдық. Бұл сервистік қызметтің 3 айлық жұмысы нәтижесінде, бұған дейін түрлі мәселемен күніне келетін 300 адам саны 150 адамға түсті, - дейді ол.

Аудан әкімінің айтуынша, халықпен жұмыстың негізгі бағыты – кері байланыс. Бұл «ашық әкімдік» қағидасына сай ортақ міндет.

Азаматтардың сұрақтарын барынша шешуге тырысамыз. Тек 2020 жылы 35 716 тұрғын сауал жолдаған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 30%-ға көп. Осы арада «Оpen әкімдік» қызметі ашылғанына қарамастан, сұраныс көлемі неге көбейіп отыр деген заңды сауал туындайды. Менің ойымша, оған себеп – халық мәселесінің шешілетініне сенгендіктен, сұрағына жауап болғанын көргендіктен, тағы  басқа мәселелерін шешуге тырысқандықтан болып отыр. Біздің әкімдіктің әлеуметтік желілері бойынша халықпен байланыс жүйелі түрде орнатылған. Әкімдік халықтан келіп түсіп жатқан сұрақтар бойынша тікелей эфирлерді де жиі өткізіп тұрады. Алдағы уақытта ауданның жеке Telegram каналы да ашылатын болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы