Мәжіліс Қазақстан Үкіметі мен ОПЕК халықаралық даму қоры арасындағы жеке сектордағы операцияларға қатысты Рамалық келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жалпы отырыста Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, келісім аясында Қор инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін 2,5-5% мөлшерлемемен, мемлекет кепілдігін талап етпей, қарыз береді.
Оның сөзінше, қор табыстары тікелей салықтардан босатылады, сондай-ақ валюта конвертациясы мен қаражатты аударуға мүмкіндік беріледі.
Қор жұмысын бастағаннан кейін алғашқы 3 жылда түрлі жобаларға 200-ден 400 млн долларға дейін қаржы салу жоспарланып отыр. ҚҚС бойынша бізде босату қарастырылған. Сонымен қатар жер, мүлік, көлік, әлеуметтік және табыс салықтары салынбайды, өйткені Қор Қазақстанда кеңсе ашпайды. Сондықтан бұл салық түрлері қолданылмайды, – деді Азамат Әмрин.
Ол қордың қызметі қаржыландыру көздерін кеңейтетінін, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық жобаларға қатысу үшін тартымды ел ретінде имиджін нығайтатынын атап өтті.