ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін арттыруы мүмкін

2016 жылы құрылған бұл мұнай өндіруші елдер альянсы әлемдік нарықта маңызды рөл атқарады – ол бағаны тұрақтандыру үшін мұнай өндіру деңгейін үйлестіреді.

 pexels.com Бүгiн 2026, 03:12
Бүгiн 2026, 03:12
103
Фото: pexels.com

ОПЕК+-қа мүше сегіз ел 5 сәуір күні мұнай өндіру квотасын ұлғайту туралы келісуі мүмкін. Бұл шара әзірге нақты жеткізілімдерге әсер етпейді, бірақ Ормуз бұғазы ашылған жағдайда өндірісті арттыруға дайын екенін білдіретін белгі болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.

Басылым дереккөздерінің айтуынша, іс жүзінде бұл шешім бастапқыда мұнай ұсынысының көлеміне айтарлықтай әсер етпейді – Ормуз бұғазы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына байланысты әлі де жабық.

Біз, кем дегенде, қағаз жүзінде жауап беруіміз керек, – деді агенттік сұхбаттасушыларының бірі.

Иранға қарсы соғыс мұнай жеткізіліміндегі тарихтағы ең ірі үзілістердің біріне әкелді. ОПЕК-тің жетекші өндірушілері – Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктері мұнай өндіруді қысқартуға мәжбүр болды. Ормуз бұғазы арқылы әлемде саудаланатын мұнайдың 20 пайыздан астамы өтеді.

ОПЕК+ құрамындағы төрт ел – Қазақстан, Ресей, Алжир және Оманға бұғаздың жабылуы әсер етпегенімен, олардың өндірісті арттыру мүмкіндігі шектеулі, деп жазады басылым.

Brent маркалы мұнай бағасы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге – барреліне шамамен 120 долларға дейін көтерілді. Ресейдегі мұнай өндіру көлемі Украина дрондарының шабуылдарына байланысты қосымша қысқарып жатыр.

Қазір нарыққа өндірілетін әрбір баррель өте қажет, – деді Reuters дереккөзі.

Сауд Арабиясы мен БАӘ мұнай экспортын Ормузды айналып өтетін бағыттарға қайта бағдарлап үлгерді. Сауд Арабиясының Қызыл теңіздегі Янбу порты арқылы мұнай экспорты тәулігіне шамамен 4,6 миллион баррельге дейін өсіп, өткізу мүмкіндігінің шегіне жақындады. БАӘ мұнайды бұғаздан тыс орналасқан Фуджейра арқылы экспорттауды жалғастырып отыр.

1 наурызда өткен соңғы отырыста ОПЕК+ сәуір айына арналған өндірісті небәрі тәулігіне 206 мың баррельге ғана арттырған болатын.

ОПЕК құрамына Алжир, Ангола, Конго, Экваторлық Гвинея, Габон, Иран, Ирак, Кувейт, Ливия, Нигерия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Венесуэла кіреді. Ал серіктес елдер қатарында Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Мексика, Малайзия, Оман, Бахрейн, Оңтүстік Судан, Бруней және Судан бар.

2016 жылы құрылған бұл мұнай өндіруші елдер альянсы әлемдік нарықта маңызды рөл атқарады – ол бағаны тұрақтандыру үшін мұнай өндіру деңгейін үйлестіреді.

Наверх