- Мұқаба
- Жаңалықтар
- ОПЕК+ мұнай өндірісін арттырады: Қазақстан дайын ба?
ОПЕК+ мұнай өндірісін арттырады: Қазақстан дайын ба?
Осы тұрғыда Қазақстанның ОПЕК+ аясындағы нақты мүмкіндіктері мен шектеулері қандай?
18 Ақпан 2026, 07:30
ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін қайта өсіруге көшетінін мәлімдеді. Ал Қазақстан бұл үдеріске қаншалықты дайын, өндірісті өзі басқара ала ма, әлде формалды қатысушы күйінде қала бере ме? BAQ.KZ тілшісі сұрақты саралап көрді.
ОПЕК+ шешімі және ресми ұстаным
Қазақстанның Энергетика министрлігі ОПЕК+ аясындағы міндеттемелерге қатысты ұстанымын ашық білдіріп отыр. Ведомствоның ресми мәлімдеуінше, Қазақстан OPEC+ келісімдері шеңберіндегі уағдаластықтарды сақтауды жалғастырып келеді және халықаралық міндеттемелер мен ұлттық мүдделерді қатар басшылыққа ала отырып, альянс серіктестерімен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті.
Қазақстан ОПЕК+ келісімдері шеңберіндегі уағдаластықтарды сақтауды жалғастырып келеді және халықаралық міндеттемелерін де, ұлттық мүдделерін де басшылыққа ала отырып, альянс серіктестерімен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастырады, - деп жауап берді министрлік редакцияның сауалына.
Яғни ресми деңгейде Қазақстан ОПЕК+ ішіндегі келісімдерге адал екенін мәлімдейді және өндірісті реттеу мәселесінде альянс шешімдерінен тыс қалмайтынын көрсетіп отыр.
"Біз квотаны шын мәнінде орындай алмаймыз"
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұл мәселеге әлдеқайда сын көзбен қарайды. Оның айтуынша, Қазақстан формалды түрде келісімге қосылғанымен, іс жүзінде оны толық орындауға қауқарсыз.
Мен бұл туралы бастапқыда да айтқанмын: біз келісімдерге формалды түрде қосылғанымызбен, оларды толық орындау мүмкін емес, өйткені мұнай өндірісінің шамамен 70 пайызы біздің тікелей бақылауымызда емес, – дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, негізгі өндіріс Теңіз, Қашаған сияқты ірі кен орындарына тиесілі, ал оларды шетелдік алып компаниялар игеріп отыр. Бұл компаниялар өз бетінше шешім қабылдайды және ОПЕК+ секілді келісімдерге қосылуға мүдделі емес.
Егер олар ресми түрде ОПЕК+ құрамына кірсе, өз елдерінде антимонополиялық тергеулер басталуы мүмкін. Себебі дамыған елдер үшін ОПЕК – бағаны қолдан реттейтін картель, – дейді Олжас Байділдинов.
Оның пікірінше, Қазақстанның келісімді бұзушы ретінде аталып жүргені де осы себептен. Өйткені мемлекет өндірісті толық басқара алмайды, тек формалды түрде жауап береді.
Біз квотаны сақтай алмаймыз. Қандай есепті қарасаңыз да, Қазақстан үнемі келісімді бұзушы ретінде көрсетіледі. Бірақ біз өндірісті шын мәнінде басқара алмаймыз, – дейді ол.
Инфрақұрылым бар, бақылау жоқ
Байділдинов Қазақстанда өндіріс пен экспортты қамтамасыз ететін инфрақұрылым толық дайын екенін айтады.
Теңіз кен орны тәулігіне 900 мың баррельге дейін өндірісті арттырған. Бұл мұнайдың барлығы КҚК арқылы экспортталады. Ал КҚК "тар өткелдерді жою" бағдарламасын аяқтап, жылына қосымша 10–15 миллион тонна өткізуге дайын.
Қазір Қазақстанда өндірісті де, экспортты да қамтамасыз ететін барлық жүйе дайын тұр. Бірақ стратегиялық шешімдерді біз қабылдай алмаймыз, өйткені саланы толық бақыламаймыз, – дейді сарапшы.
Мұнай державасы емес
Байділдинов Қазақстанды әлемдік нарыққа ықпал ететін ірі ойыншы деп атауға болмайтынын ашық айтады.
Қазақстанды бір үлкен мұнай державасы деп ойлаудың қажеті жоқ. Бізде мұнай аз, оның өзі бізге толық тиесілі емес. Ал мұнай табысының ең жоғары кезеңі әлдеқашан өтті, – дейді ол.
Оның айтуынша, жаңа кен орындары жоқтың қасы, ал бар кен орындарының өзі біртіндеп сарқылып келеді. Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстауда өндіріс төмендеп жатыр, ал болашақта бұл үрдіс Атырауда да байқалуы мүмкін.
"Шек – 100 млн тонна"
Қазақстандық мұнай-газ сарапшысы, SPEE мүшесі Абзал Нарымбетов Қазақстанның қазіргі өндіріс көлемі өзінің шегіне жеткенін айтады.
Оның дерегінше, былтыр Қазақстан шамамен 100 млн тонна мұнай өндірген. Бұл – ең жоғары көрсеткіш.
Ең соңғы үлкен жоба – Теңіздегі кеңейту іске қосылғаннан кейін осы деңгейге жеттік. Бұл көрсеткіш 2-3 жыл тұруы мүмкін. Бірақ одан әрі өсуі екіталай, – деп түсіндірді Абзал Нарымбетов.
Ол Қазақстанда бар болғаны үш ірі жоба бар екенін еске салды, олар: Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ. Қалған 70-80 кен орны жыл сайын шамамен 1 млн тоннаға азайып отыр.
2030 жылдан кейін өндірісті ұстап тұратын жаңа жоба жоқ. Акционерлердің жаңа жобалары көрінбейді. Тіпті бүгін басталған күннің өзінде, өнімін кемі 5-10 жылдан кейін ғана көреміз, – дейді сарапшы.
Қазақстан мұнай бағасына әсер ете ала ма?
Нарымбетовтің айтуынша, Қазақстанның әлемдік нарықтағы үлесі бар болғаны 2 пайыз. Сондықтан елдің квотадан асып өндіруі мұнай бағасына айтарлықтай әсер етпейді.
Бағаға Сауд Арабиясы, АҚШ, Ресей секілді елдер ықпал етеді. Олар Қазақстаннан 4-5 есе көп өндіреді, – деп атап өтті спикер.
Оның пікірінше, Қазақстан квотаны орындамаса да, ОПЕК тарапынан нақты санкциялар болмайды. Бұған дейін де Ангола, Қатар сияқты елдер ұйымнан шығып кеткен.
Ішкі нарықтың тығырығы
Сарапшыларды алаңдататын тағы бір мәселе – ішкі нарық. Қазақстанда өндірістің 60 пайызы ішкі нарыққа барреліне 20–25 доллардан сатылады. Бұл – өзіндік құннан да төмен.
Компаниялар ішкі нарыққа шығынмен сатып, сол шығынды экспортпен жауып отыр. Бірақ ішкі тұтыну өсіп, экспорттан табыс азайса, бұл модель жұмыс істемей қалады, – дейді Олжас Байділдинов.
Ал Нарымбетовтің айтуынша, егер бұл жағдай өзгермесе, болашақта Қазақстан мұнай өнімдерін сырттан импорттауға тәуелді болуы мүмкін.
Қазақстан 1990-жылдары мұнайдың 20%-ын экспорттап, 80%-ын ішкі нарыққа жұмсайтын. Қазір жағдай керісінше. Біз қазір мұнайды экспорттаушы елдердің қатарындамыз. Бірақ соңғы трендке көз жүгіртсек, ішкі нарықтағы тұтыну көбейіп келеді. Дизель болсын, бензин болсын, көліктердің санына байланысты ішкі тұтыну артуда. Ішкі нарықта мұнайды екі есе арзан бағамен жөнелтетіндіктен, өндірушілерге ол тиімсіз. Бірақ заң солай. Үш алпауыт кен орындары ол заңға бағынбайды. Олардың басқаша келісімдері бар. Белгілі бір уақыттан соң жағдай солай жалғаса берсе, сырттан мұнай өнімдерін импорттауға тәуелді болуымыз әбден мүмкін, - деді Абзал Нарымбетов.
ОПЕК+ өндірісті арттыруға бет алғанымен, Қазақстан бұл процесте шешуші ойыншы емес. Ресми түрде келісімдерге адал екенін мәлімдегенімен, ел өндірісті шын мәнінде басқара алмай отыр. Негізгі мұнай шетелдік консорциумдардың қолында, ал жаңа жобалар жоқтың қасы.
Сарапшылар Қазақстанның мұнай өндірісі өзінің табиғи шегіне жетті деп отыр. Алдағы жылдары басты мәселе өндірісті өсіру емес, бар ресурсты қалай тиімді пайдалану және мұнайдан түсетін табысты қайда, қалай жұмсау болмақ. Мұнай дәуірі әлі аяқталған жоқ, бірақ оның ең жайлы кезеңі артта қалғаны анық.
Ең оқылған:
- Абай облысында жол апатынан 4 адам қаза тауып, 3 адам жарақаттанды
- Астанадағы гимнастшы қыздарға қатысты дау: Министрлік мәлімдеме жасады
- The Telegraph: Бозжыра әлемдегі ең үздік 10 шөлдің қатарына енді
- 1 сәуірден бастап коммуналдық тариф бағасы өзгере ме? – министрлік жауабы
- Қазақстанда қанша қала мен ауыл бар екені белгілі болды