Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылған күннен бастап жалпы инвестиция сомасы 54,89 млрд теңгені құрайтын 30 жоба іске асырылды. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Аталмыш АЭА кәсіпорындарында 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Бүгін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында шағын және орта бизнес кәсіпорындары шоғырланған тоқыма кластері жұмыс істейді. Олардың қатарында кілем және кілем бұйымдары бойынша ірі қазақстандық өндіруші «Бал Текстиль», мақта иірімін шығаратын фабрика «Azala Cotton», жіптен дайын өнімге дейінгі өндірістің толық циклін қамтитын «Azala Textile» фабрикасы, целлюлоза өндіруші «Хлопкопромцеллюлоза», «Әлем-БТ» шұлық фабрикасы және тағы басқалары бар.
Бүгінгі таңда аталған арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындарда өндірілетін тауарлар әлемнің 23 еліне экспортталады және үлкен сұранысқа ие.
Айта кетерлігі, арнайы экономикалық аймақтың резиденттеріне бірқатар инвестициялық жеңілдік қарастырылған. Мысалы, дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесін қосалқы жалдау, сонымен қатар жер, мүлік салығынан және корпоративтік табыс салығынан босату. Сондай-ақ АЭА резиденттері импортталатын шикізат пен жабдыққа кедендік баждарды, импорттық ҚҚС төлеуден босатылады.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2005 жылы құрылған. Инвестициялық портфель жалпы құны 116,9 млрд теңге болатын 52 жобадан тұрады. 2022-2024 жылдары жалпы инвестиция сомасы 62,02 млрд теңге болатын 22 жоба іске қосылады деп күтілуде. Нәтижесінде жаңадан 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болады.