Шымкент мұнай өңдеу зауыты дизель отынының негізгі бөлігін оңтүстік өңірлерге жібереді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
7 сәуірде жоспарлы жөндеуді аяқтаған Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПҚОП» ЖШС) ішкі нарыққа 1500 тоннадан астам дизель отынын жөнелтті.
Қазір «ПҚОП» ЖШС тәулігіне 17,7 мың тонна мұнай өңдеп жатыр. Өткен демалыс күндері «ПҚОП» ЖШС қазіргі қорынан шамамен 1500 тонна дизель отынын жөнелтті. 10 сәуірде өндіру мен паспорттау деңгейіне қарай 1600 тоннадан астам дизель отыны мен 220 тонна сұйытылған газды жөнелтуге дайындалып жатыр. Алдағы бірнеше күнде мұнай өнімдерін жөнелту деңгейі тәулігіне бензин – 6200 тоннаға, дизель отыны – 5600 тоннаға, авиаотын – 1150 тоннаға және сұйытылған газ – 820 тоннаға дейін ұлғайтылады, - деді «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС техникалық директоры БАХИТ ЕРЕГЕНОВ.
Жоспарға сәйкес, ПҚОП сәуір айында 366 мың тонна мұнай өңдеуі керек. 110,1 мың тонна көлемінде бензин, 114,8 мың тонна дизель отыны, 15,1 мың тонна сұйытылған мұнай газы, 19,3 мың тонна авиаотын, 77,6 мың тонна мазут өндіру жоспарланған. Мұнай өнімдерінің негізгі бөлігі оңтүстік өңірлердегі тұтынушыларға бағытталатын болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін сәуір айында Шымкент зауытынан 34,8 мың тонна дизель отынын жөнелтуге басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, «ПҚОП» ЖШС жоспарлы-алдын алу жөндеу кезінде жинақталған қордан вагон-цистерналар арқылы өнімді үздіксіз жіберіп отырды.
Шымкент мұнай өңдеу зауытында 15 наурыз бен 7 сәуір аралығында жоспарлы-алдын алу жөндеу жүргізілгенін еске сала кетейік. Жөндеу жұмыстары уақытында, ал кейбір іс-шаралар белгіленген мерзімнен ерте орындалды. Атап айтқанда, мұнайды бастапқы айдау қондырғысы бір тәулік бұрын жұмыс режиміне шықты, ал каталитикалық крекинг жоспарланған мерзімнен 5 тәулік бұрын іске қосылды.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент мұнай өңдеу зауыты рекордтық 6,2 млн тонна мұнай өңдеді. Бұған дейін ел басшылығы зауыттың өндірістік қуатын арттыру және мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін ұлғайту міндетін қойған болатын.