Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оңтүстік Кореяның экс-президенті сот алдында жауап береді

13 Сәуір 2025, 17:13
1076
Бөлісу:
 Yonhap
Фото: Yonhap

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль алдағы дүйсенбіде сот алдына шығуы тиіс. Бұл Конституциялық сот оны қызметінен шеттеткеннен кейін небәрі он күн өткенде болмақ.

Бұл туралы Yonhap агенттігі заң саласындағы аты-жөні аталмаған дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Юн Сок Ёльге желтоқсан айында елде әскери төтенше жағдай енгізуге тырысты деген айып тағылып отыр. Ол Сеулдің Орталық округтік сотындағы №417 сот залында айыпталушы ретінде жауап береді. Айта кетсек, бұл залда бұған дейін де елдің бұрынғы президенттерінің сот процестері өткен.

Сот тәртібіне сәйкес, Юн сот тыңдауына жеке өзі қатысуы тиіс. Алайда оған қоғамдық назардан тыс қалу үшін ғимаратқа жерасты автотұрағы арқылы кіруге рұқсат берілген. Сонымен қатар, сот ғимараты маңында өтуі мүмкін наразылық шараларына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. БАҚ өкілдеріне сот процесі басталғанға дейін залда фото немесе бейне түсіруге тыйым салынады.

Сот отырысы дүйсенбі, 14 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:00-де басталады. Алдымен тұлғаның жеке басын анықтау рәсімі өтеді, содан кейін прокуратура айыптау мазмұнын таныстырады. Юнның адвокаттары барлық айыптауларды жоққа шығаруы тиіс — олар бұл ұстанымдарын алдын ала тыңдаулар кезінде де білдірген болатын.

Егер Юн “бас көтеруді ұйымдастырды” деген айып бойынша кінәлі деп танылса, оған өмір бойы бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Негізгі куәгерлер ретінде екі әскери офицер шақырылады. Олар Юн Сок Ёльдің импичментіне қатысты тыңдауларда бұған дейін куәлік берген. Олардың айтуынша, экс-президент оларды парламент мүшелерін күшпен алып тастау туралы бұйрық беріп, әскери төтенше жағдай енгізу жоспарын жасаған.

Юн Оңтүстік Корея тарихында қылмыстық іс бойынша сот алдына шыққан бесінші бұрынғы президент болмақ. Оған дейін Чон Ду Хван, Ро Дэ У, Ли Мён Бак және Пак Кын Хе сотталған.

Өзгелердің жаңалығы