Оңтүстік Кореяға барамыз деген алматылықтар алданып қалды

12 Тамыз 2022, 22:43
1453
Бөлісу:
Оңтүстік Кореяға барамыз деген алматылықтар алданып қалды

Корея Республикасына кіруге электронды рұқсат алып береміз деген компанияға ақша өткізген 60-тан астам адам сан соғып қалды, деп хабарлайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Хабар 24» телеарнасының мәліметінше, әр адамнан 700 мың теңгеден жинап алған фирма жұртты бірнеше айдан бері сандалтып жүр.

Таңғы шық елінен күдер үзгендер енді компанияға берген ақшасын қайтара алмай әлек. Екі айдан бері құрғақ уәдені қанағат тұтып келе жатқан тұрғындар туристік фирманың табалдырығын тоздырған. Компания мамыр айында 60-тан аса адамның әрқайсысынан 700 мың теңгеден жинап алған. Маусымда дайын болады деген құжаттан әлі хабар жоқ.

Мен өзіме, келіншегіме 1 млн 336 мың теңге бердім. Енді бұл аз ақша емес, өзім бес тиынсыз 7-8 ай жұмыссыз болғам. Сол жұмыс таппағандықтан, Кореяға кетуім керек болған. Енді сол кредитке алған ақшаны салып, мына жақтан кредит қысып жатыр, ал Кореяға аттандыруға тиіс кісі жоқ, - дейді жәбірленуші Рахат Майлыбаев.

Адамдарды алдап соққан компанияның ғаламторда арнайы парақшасы бар. Онда шет елге виза ашу жолдары туралы бірнеше бейнеролик жарияланған. Көбі осы жарнамаға және жазбаша келісімшартқа алдандық дейді.
Қомақты қаражатты жинап алған фирма басшылары екі айдан бері телефонға жауап бермейді, кеңсеге келсе, есік ашпайды екен. Шыдамы таусылған жәбірленушілер қалалық полиция департаментіне арыз жазған. Қазір Easy Visa компаниясына қатысты іс қозғалған.

Аталмыш азаматтардың арызы Алматы қалалық полиция департаментінде тіркеліп, қылмыстық істі жүргізу үшін Алмалы аудандық полиция басқармасына жөнелтілді. Ол жақта азаматтардың арызы Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркеліп, алаяқтық дерегі бойынша қазіргі таңда тергеушілер бұл істі өз өндірісіне алды, - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
 

Өзгелердің жаңалығы