Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёл елде төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ Кursiv.media-ға сілтеме жасап.
Юн Сок Ёл теледидар арқылы әскери жағдай енгізілгенін мәлімдеп, либералдық конституциялық құрылысты «коммунистік күштерден» қорғау қажет деп нақтылады.
BBC ақпараты бойынша соғыс режимі «Солтүстік Кореяны қолдайтын күштерді жою» және «конституциялық тәртіпті сақтау» үшін енгізілуде.
Соғыс жағдайы солтүстікке жанашыр күштерді жоюға және конституциялық құрылысты қорғауға ықпал етеді, – деді Президент.
Оның айтуынша, қауіп Солтүстік Кореядан да, «жойылуы» қажет жергілікті «мемлекетке қарсы элементтерден» келеді.
YTN телеарнасының сайты президенттің халыққа үндеуін жариялады. Юн Сок Ёл оппозицияны негізгі мемлекеттік қайраткерлерге импичмент жариялауға тырысып, мемлекеттің жұмысын тоқтатты деп айыптады.
Бұл – еркін Корея Республикасының конституциялық құрылысын бұзатын және Конституция мен заңдармен бекітілген заңды мемлекеттік институттарды жойып, азаматтық соғысты тудыруға тырысатын айқын мемлекетке қарсы әрекет, – деді Юн Сок Ёл.
Сонымен бірге билеуші партияның басшысы әскери жағдайды заңсыз деп атап, оған тосқауыл қоюға уәде берді.
Пхеньян бұған дейін екі ел арасындағы автомобиль және темір жолдарды толығымен жауып тастауға, сондай-ақ өз тарапынан шекараны одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді. Бұған дейін Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяны шекара маңына ұшқышсыз ұшақтар ұшырды деп айыптап, шұғыл жауап беруге шақырды.