Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігінде Аргентина, Чили, Боливия, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай және Эквадор дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ Бразилия Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен екінші жыл сайынғы дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу Қазақстанның Оңтүстік Америка аймағы үшін инвестициялық және сауда мүмкіндіктерін таныстыру және ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл кездесулер екі ел арасындағы байланыс пен өзара іс-қимылдың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Кездесу барысында оңтүстік америкалық дипломаттарға Қазақстанның сауда-экономикалық, транзиттік, көліктік және инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ қазақстандық экспорттың мүмкіндіктері таныстырылды. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Солтүстік Америкадағы өкілі Ғалымжан Матаев өзінің тұсаукесерінде инвестициялық саясат, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша мемлекеттік шаралар және әлеуетті инвесторларды қолдаудың жаңа құралдары туралы айтып берді.
Спикер Қазақстан неліктен шетелдік инвесторлар үшін тартымды орын болып табылатынын егжей-тегжейлі айтып, Қазақстанның оңтүстік америкалық компанияларды қызықтыруы мүмкін салалар мен экономикалық тауашаларына да тоқталып өтті. Шетелдік компаниялардың қарауына дайындалған нақты жобаларда ұсынылды. Бұл тұрғыда өңірдің WEG (Бразилия) және ME Elecmetal (Чили) сияқты компанияларының Қазақстандағы инвестициялық ниеттері оң мысал ретінде аталды.
Оңтүстік Америка елдерінің дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары еліміздің инвестициялық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, екіжақты инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға дайын екендіктерін растады.