Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысына Оңтүстік Алтайда алғаш рет спутниктік қарғыбау орнатылды. Зерттеу жұмысы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, мамандар қар барысына «Алтай» деген ат берген. Спутниктік қарғыбау жануардың қозғалысын бақылауға, жүретін жолдары мен мекендейтін аумақтарын анықтауға мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Бұл деректер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау шараларын жоспарлау үшін қажет. Өйткені қар барысы көбіне адам аяғы жете бермейтін биік таулы аймақтарда мекендейді.
Айта кетейік, 16 қазанда Ереванда өткен COP17 саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткенін айтқан болатын.
Спутниктік қарғыбауды орнатуға Катонқарағай ұлттық паркінің қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары қатысты. Жұмыс Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылды.
Алдағы уақытта спутниктік құрылғыдан алынған мәліметтер Оңтүстік Алтайдағы қар барысының қозғалысын зерттеуге және оны қорғау шараларын жетілдіруге пайдаланылмақ.