Бос орындардың онлайн жәрмеңкесінде 500-ден астам адам жұмыс берушілерге өз түйіндемесін жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Еңбекмині баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Tanda.Enbek.kz порталында өткен онлайн бос орындар жәрмеңкесі барысында 540 адам бос жұмыс орындарына орналасу мақсатында жұмыс берушілерге түйіндемелерін жолдады. Іс-шараға барлығы 3,7 мыңнан астам жұмыс іздеуші қатысты.
Биыл 29 наурызда Tanda.Enbek.kz порталында тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке барысында 22 ірі қазақстандық ұйым Астана, Алматы, Павлодар, Саран қалаларында, Алматы облысының Іле ауданында, Абай облысының Аягөз ауданында және басқа да өңірлерден 50-ден астам кәсіп бойынша 700-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды, - делінген хабарламада.
Қатысқан жұмыс берушілердің қатарында Еуразиялық топқа (ERG) және Polymetal тобына кіретін кәсіпорындар, «Самұрық-Қазына» АҚ, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, «Qazaq Glass Company» ЖШС, «МехЛитКом» ЖШС, «Зенит» Орал зауыты» АҚ, С. М. Киров атындағы «Машина жасау зауыты» АҚ және басқалар болды.
Бұл ретте бос жұмыс орындарының көпшілігі слесарь, электр газбен дәнекерлеуші, инженер-реттеуші, қалыптаушы, токарь, инженер-технолог және т. б. сияқты техникалық мамандықтарға жатқызылды.
Іс-шара барысында «Kazcentrelectroprovod» ЖШС, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ және «QazTehna» ЖШС кәсіпорындарының HR-менеджерлері өз компанияларының онлайн-презентацияларын өткізді. Жұмыс жағдайлары, ашық бос жұмыс орындары, жұмысқа орналасу ерекшеліктері және тағы басқалар туралы айтты.
Сонымен қатар Samruk Business Academy кадрларды іріктеу саласындағы сарапшылар «Сынақ мерзімін қалай сәтті өтуге болады» және «Жұмысқа басқа үміткерлерден қалай ерекшеленуге болады» тақырыбында вебинарлар өткізді. Оның барысында спикерлер қатысушылармен пайдалы кеңестермен бөлісті және тиімді жұмыс іздеу бойынша практикалық ұсыныстар берді.
Мұның бәрі онлайн режимінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Youtube-арнасында көрсетілді.
Жалпы, жұмыс іздеушілер жәрмеңкеге қатысқан барлық кәсіпорындардың HR-менеджерлерімен сөйлесуге, Tanda.Enbek.kz порталындағы жеке кабинетте онлайн-чат арқылы жұмыс шарттары мен бос жұмыс орындары бойынша сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Бұл платформада әр түрлі тақырыптағы және мақсатты топтары бар бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелерін үнемі өткізу жоспарлануда. Олар жастар үшін, белгілі бір салалардың мамандары үшін, елдің белгілі бір аймағы үшін және т. б. Бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелерін өткізу туралы барлық ақпарат Tanda.Enbek.kz порталында орналастырылатын болады.