Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жобалық кеңсе құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ..
Оның құрамына барлық орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, Парламент депутаттары және сарапшылар кірді.
Бірінші отырыс барысында жобалық кеңсе мүшелері өңірлердің әлеуетін ашуға ерекше назар аудара отырып, өңірлік дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру жөніндегі шараларды талқылады.
Өңірлердің әлеуетін толық пайдалану қажет, бұл ретте ең үлкен инфрақұрылымдық проблемалары бар өңірлерді қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Өңірлерге жобаларды қаржыландыруда, оның ішінде түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағытталғандығын ескере отырып, барынша дербестік беру қажет. Сондай-ақ салық түсімдерін асыра орындағаны үшін өңірлерді көтермелеу қажет, – деді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар өңірлердің дамуындағы диспропорцияларды болдырмау, жаңа стратегиялық құжаттарды әзірлеу, сондай-ақ жергілікті жерлерде шешім қабылдауда аудан және ауыл әкімдерінің дербестігінің жеткіліксіздігі мәселелері бойынша шараларды талқылады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін Amanat партиясының депутаттары мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды ұсынды.
Жобалар іске асырылатын ауылдарды тиімді іске асыру және сапалы іріктеу үшін облыс әкімдіктері жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі кіші топпен бірлесіп, қажетті инфрақұрылым салу және өнімді өткізуге көмек көрсету жөніндегі нақты жоспарларды әзірлей отырып, әрбір ауылдың мамандануын айқындай отырып, скрининг жүргізуі қажет, – деп тапсырды Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тапсырмалар берді.
Мемлекеттік органдар арасында салааралық үйлестіру әлсіз. Бұл тәжірибені жою керек. Өңірлік және салалық саясатты келісілген іске асыруды жүргізу қажет. Бюджеттік бағдарламалар мен инвестициялық жоспарларды орындау синхронды түрде жүзеге асырылуы тиіс, – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Мемлекеттік органдарға бір ай мерзімде өңірлік саясатты жетілдірудің әзірленген шараларын іске асырудың барлық ұсынылған шаралары бойынша ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге тексеру жүргізу тапсырылды.