​Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің қорытындысы жарияланды

Бүгiн, 15:21
305
Бөлісу:
​Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің қорытындысы жарияланды
Фото: BAQ.KZ - Архив

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет әр өңірде талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу 2024 жылғы ақпан-тамыз айлары аралығында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өткізілді.

Өңірлік кадр резервтерін қалыптастыру өңірлерді дамытудың ерекшелігі мен басымдықтарын ескере отырып, 7 бағыт (индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру және экология) бойынша жүргізілді.

Нақты салалық бағыттар мен резервшілердің санын өңірлік кадр комиссиялары айқындады.

Құжаттарды қабылдау кезеңі 1-31 наурыз аралығында өткізілді. Жобаның ресми сайтында барлығы 11 505 адам тіркелді, оның ішінде 5 354 кандидат іріктеуге қатысуға жіберілді.

Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңі өңірлерде орналасқан тестілеу орталықтарында офлайн форматта өткізілді. Бұл ретте, заңнаманы білуге арналған тестілеуге – 5 354 адам, жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге – 2 433 кандидат жіберілді.

Құзыреттілікті бағалау кезеңі Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта Ассессмент-орталық әдісімен өткізілді. Ассессмент-орталықтың негізгі бөлігі 13-29 мамыры аралығында өтті.

Осы кезеңге барлығы 1 031 кандидат жіберілді. Ассессмент-орталыққа 939 адам (94%) келіп, 62 адам (6%) келген жоқ. «Өңірлік кадр комиссиясында құрылымдық сұхбат» кезеңіне 810 адам өтті.

Сұхбат кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны таныстыру форматында жүргізілді, - делінген агенттік ақпаратында.

2024 жылғы 23-26 тамызда өңірлік кадр комиссияларының қорытынды отырыстарында өңірлік кадр резервтеріне қабылданатын кандидаттардың тізімдері айқындалды.

Іріктеудің нәтижелері бойынша өңірлік резервтерге барлығы 505 адам қабылданды.

Өңірлік кадр резервтеріне қабылданған адамдардың тізімі жобаның onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланды.

Өңірлік кадр резервіне қабылданған адамдар уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурссыз орналаса алады.

Өзгелердің жаңалығы