Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынымына сәйкес Жоғарғы Сот судьясын қызметтен босату туралы мәселені қарады. Отырыс барысында сенаторлар 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды да қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Палата отырысында Мейрамбек Таймерденов Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатылды. Сенаторлар тиісті шешімді ел Президентінің ұсынымын қарау нәтижесінде қабылдады. Аталған кандидатура Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында алдын ала талқыланғанын атап өткен жөн.
Сенат отырысына елдің Премьер-министрі, Ұлттық банктің төрағасы, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы, Үкімет мүшелері, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңда жыл сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке 2 трлн теңге трансферт қарастырылған. Бұл республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асыруға мүмкіндік береді. Құжатты қарау нәтижесінде сенаторлар заңды мақұлдады. Енді аталған заң қол қою үшін Мемлекет басшысына жіберіледі.
Сенат төрағасы атап өткендей, қаралған «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда әлеуметтік бағытқа басымдық берілген. Мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы осы салаға бағытталмақ.
Адами капиталды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру, бизнес пен агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үш жылдық бюджеттің маңызды басымдықтары екенін атап өткен жөн. Бюджетте аса маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға қажетті қаражат та қарастырылған. Өңірлерді дамытуға 7 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін келесі жылы 100 миллиард теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Бүгін сенаторлар инфляцияны тежеу, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту сияқты бірқатар маңызды бағыттарға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Осы орайда Үкімет мүшелерінен депутаттар назар аударған барлық мәселені алдағы жұмыста ескеруді сұраймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенаторлар республикалық бюджет жобасын концептуалды тұрғыдан мақұлдады. Алайда, Сенат құжатқа 180 түзету енгізіп, оны Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Палата депутаттары бірқатар негізгі бағытты қаржыландыруды ұлғайтуды ұсынып отыр. Атап айтқанда, ауылдың дамуын қолдау үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 18,1 млрд теңге бөлу ұсынылды. Таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты проблемаларды шешу бағытында осы салаға тағы 19,8 млрд теңге бөлу керектігі айтылды. Бұл қаражат қазақстандықтардың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігін қалаларда – 99,5 пайызға дейін, ауылдық жерлерде 97,8 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сенаторлар өңірлерде жергілікті тұрғындармен кездесу барысында газдандыруға қатысты мәселе жиі көтеріледі. Осы саладағы жағдайды да жақсарту үшін депутаттар қосымша 5,1 млрд теңге қарастыруды ұсынды. Бұл тәсіл газдандыру деңгейін 61 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Еліміз үшін тағы бір өзекті проблема жол мәселесі екені белгілі. Сенаторлар көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 13,3 млрд теңге бөлуге ұсыныс жасады. Осылайша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың үлесі – 43 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 89 пайызға дейін жеткізілмек.
Сондай-ақ сенаторлардың республикалық бюджетке енгізген түзетулерінде 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар көзделген. Оған 25,9 млрд теңге бөлінеді. Одан бөлек, депутаттар бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға қосымша 4,9 млрд теңге бағыттауды қолдап дауыс берді. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік сала қызметкерлеріне ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруды тапсырған еді. Бұл өсім ел бойынша әлі де 85 мың теңгеден төмен жалақы алатын 354 мың адамға әсер етеді.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Әлібек Нәутиев Үкіметті Атырау облысындағы газ тапшылығына қатысты проблемаларды шешуге шақырды. Сенатор бұл мәселені шешу үшін Атырау облысында магистральдық газ құбырының тармағын салуды ұсынды.
Бекболат Орынбеков мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемаларды көтеріп, Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өзгерту қажет екенін айтты. Заң нормалары ең арзанын емес, сапалы тауарлар мен қызметтерді сатып алуға көмектесуі керек.
Айнұр Арғынбекова ядролық медицина саласындағы жүйелі проблемаларға назар аударды. Сенатор ұсынған шаралардың қатарында иондаушы сәулеленудің калибрлеу көздерін өндіру үшін ядролық физика институтының базасында зертхана ашу мәселесі де бар.