Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында өңірлерде аралағанда не көргенін, халық қандай мәселе көтергенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірлерді араладым, соншалықты қиналған халықты көрмедім. Әрине, қымбатшылық туралы әңгіме қай жерде болсын бар. Мен шығыста, Семейде, Алматы облысында болдым. Біраз жерді араладым. Алайда “аса қиындыққа тап болған халық бар” дегенді көрген жоқпын. Бірақ балаларына мектепке киім ала алмай отырған жекелеген отбасылар болды. Оларға көмек көрсету үшін шаралар қабылдадық, - дейді депутат.
Оның сөзінше, әр аймақта өз ерекшелігіне қарай проблема бар. Мысалы Зайсанда газ мәселесі, Катон-Қарағайда әлі күнге дейін жол салынып бітпеген.
Ермұрат Бәпи құрылыс мәселесі мен қорғанысқа қатысты мәселелерді Мәжіліс қабырғасында көтеретінін атап өтті.
Депутат айтқандай, цифрландыру елдегі жемқорлықты жоюдың бірінші құралы ретінде қаралып жатыр. Оның сөзінше, цифрландыру туралы заңды күшейтуге қатысты депутаттар ұсыныстар жасамақ.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ насихатына заңмен шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан еді.