Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Оның айтуынша, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылуда.
Осыған орай арнайы кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметпен бекітілді. Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланды. Жалпы соңғы 3 жылда 536 жоба іске асып, оның 251 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға тапсырылды. Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Рухани- мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта жөндеуден өтті, -дейді Түркістан әкімі.
Облыс әкімі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылғанын атап өтті.
Газ мәселесін айтатын болсақ, бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 26% болса, бүгінгі таңда қала аумағын көгілдір отынмен 100% қамтамасыз етіп отырмыз. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, арнайы жасыл белдеуді құрып, қазіргі таңда 13 мың га жерге 3,5 млн. түп ағаш егілді. Бұл жұмыстар өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартып және жасыл экономика бағдарламасына оң септігін тигізуде, -дейді Шөкеев.