Армения Республикасы президентінің сыртқы саясат жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Геворг Меликян «Өзгермелі әлемдегі Азия: болашақтың күн тәртібі» форумында Таулы Қарабақтағы жағдай туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол елімізде 2021 жылы да болғанын айтты. Геворг Меликян Қазақстанда көптеген бастама жүзеге асырылып жатқанын қоса кетті.
Қазақстан өзін өңірдің көшбасшысы ретінде көрсетіп келеді. Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан әртүрлі проблемаларды шешуге мүмкіндік беріп жатыр, - деді ол.
Геворг Меликян атап өткендей, қазіргі күні әртүрлі қауіп-қатер көп. Сондай-ақ қауіпсіздік мәселесі күннен-күнге өзекті бола түсуде.
Оңтүстік Кавказ әлі күнге бейбітшілік пен тұрақтылықты іздеп келеді. Өйткені көптеген сын-қатер өңіріміздегі тұрақтылыққа кедергісін келтіруі мүмкін. Таулы Қарабақтағы соғыс салдарынан екі елдің 10 мыңдаған азаматы қаза тапты. Бұл жанжал 1991 жылдан бері жалғасып келеді. Енді оның ынтымақтастық жолдарын табудың орнына әлі де жанжал жағдайында тұрмыз, - деді Геворг Меликян форумда.
Оның айтуынша, өңірде болашақта басқа да соғыстар, тұрақсыздық болуы мүмкін.
Осы соғыстарды қалай тоқтатуға болады? Өйткені ХХІ ғасырда мұндай мәселелерді шеше білуіміз керек. Ортақ келіссөздерге келуге тиіспіз, - деп айтты ол.