Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қызылорда облысында болды. Қорғаныс ведомствосы басшысының тапсырмасы бойынша Қарулы күштердің өкілдері болашақ Отан қорғаушылармен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда қаласында, Шиелі, Жаңақорған аудандарында жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері мен олардың ата-аналарына әскери қызмет өткерудің құқықтық негіздері мен тәртібі, әскери қызметшілерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Іс-шараға қатысушылардың арасында 2023 жылдан бастап іске асырылатын мерзімді әскери қызмет өткергендер үшін жоғары оқу орындарында оқуға арналған жеңілдіктер ерекше қызығушылық тудырды. Бұдан өзге болашақ әскерге шақырылушыларға Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген «кредиттік каникулдарды» беру тәртібі түсіндірілді.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 4 курс курсанты Нұрбек Әкімбекұлы және Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бегелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының 4 курс курсанты Ғалымжан Мирамұлы жерлестеріне оқу процесі, мамандықтары және атқаратын оқу-жауынгерлік міндеттері туралы айтып берді.
Біздің институтта майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның ұшқыштары, сондай-ақ инженерлік бейіндегі мамандар даярланады. Бүгінде бұл сұранысқа ие мамандықтар. Оқуға түскеннен кейін қайда тұру, қалай тамақтану, не киіну керектігі туралы ойланудың еш қажеті жоқ. Ең бастысы, оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуға кепілдік беріледі, – деді әскери оқу орнында оқудың артықшылықтары туралы курсант Ғалымжан Мирамұлы.
Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын ұйымдастыруға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де белсенді қатысқанын айта кету керек.
Жастар көптеген қызықты әрі пайдалы ақпарат ала алды. Бүгінгі таңда әскер тек өмір мектебі ғана емес, сонымен қатар жеке тұлғаның одан әрі дамуы үшін нық қадам болып табылады. Онда жұмысшы мамандығын алып, қызметтен кейін жоғары оқу орнына түсе аласың. Бұл жастар үшін өте жақсы мүмкіндік, – деп атап өтті Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров.
Өскелең ұрпақ Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайдың көшпелі экспозициясын тамашалау барысында Қарулы күштердің тарихымен және жетістіктерімен жақын таныса алды. Іс-шаралар ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.