Мәжілістің жалпы отырысында адвокат Абзал Құспан әкімшілік жанындағы қоғамдық институт өкілдері, оның ішінде өңір басшылары, құқық қорғау органдары елмен жұмыс істеуге қабілетсіз екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің ұсынысымен Ұлттық құрылтай, Парламент Мәжілісі жанынан қоғамдық палата құрылды. Орталықта жақсы жолға қойылған осы үрдіс өңірлерде жалғасын таба алмай отыр. Көп жағдайда облыс басшылары өздеріне ыңғайлы, бұрын әкімдіктің айналысында қызмет істеген өз адамдарын қоғамдық институт жұмыстарына тартады. Ал олар елдің үнін, қоғамның жан айқайын жеткізе алмайды. Соның салдары 2016-дағы жер митингілері, былтырғы қаңтар сияқты толқуларға ұласты, - деп айтты Абзал Құспан.
Оған дәлел – қаңтар оқиғасы кезінде әкімшілік жанындағы қоғамдық институт өкілдерінің елмен жұмыс істеуге қабілетсіздігі.
Яғни оған өңір басшылары, құқық қорғау органдары да кіреді. Олар жергілікті белсенді азаматтармен жұмыс істеп, үйренулері керек. Олардың айтқандары ащы, сөздері қатты шығуы мүмкін. Есесіне қоғам мен билік арасында өзара сенім орнайды, - деп түсіндірді адвокат Мәжілісте.