Сенатта елдегі ет өндірісі мен экспорт әлеуеті талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мал шаруашылығын дамыту перспективалары және ет пен оның өнімдерін өндіру мен сату мәселелеріне арналған комитеттің кеңейтілген отырысын өткізді.
Мал шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің жетекші салаларының бірі ретінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауыл халқының табысын арттыруда және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауда маңызды рөл атқарады. Бұл сала тек ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтып қана қоймай, сонымен қатар экспорттық әлеуетті қалыптастырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етуге тиіс. Мемлекет тарапынан соңғы жылдары көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың нәтижесінде мал шаруашылығының өндірістік көрсеткіштері біртіндеп жақсарып, салада оң динамика қалыптасты, – деп атап өтті комитет төрағасы, депутат Әли Бектаев.
Белгілі болғандай, Қазақстанда мал басы саны артып келеді.
Мәселен, ірі қара мал 2,7%, жылқы малы 6,9% және түйе 6,3% артқан. Алайда қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, мал шаруашылығының орнықты дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар жүйелі проблемалар сақталуда. Ең алдымен, малдың өнімділігі әлі де төмен деңгейде қалып отыр, асыл тұқымды мал үлесі жеткіліксіз, жергілікті жерде шаруаларға қажетті жайылым жермен қамтамасыз ету тиімділігі толық деңгейде қамтамасыз етілмеген. Бұл факторлар өндіріс көлемінің сапалық өсіміне шектеу қояды, – дейді Әли Бектаев.
Сонымен қатар жемшөп базасының әлсіздігі, жайылымдардың тозуы, су көздерінің тапшылығы және жайылым инфрақұрылымының жеткіліксіз дамуы шаруашылықтардың шығындарын арттырып, өндірістің тұрақтылығына әсер етуде.
Әсіресе, шалғайдағы елді мекендерде жайылымдарды игеру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл бағытта инфрақұрылымдық қолдаудың жеткіліксіздігі саланың табиғи әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік бермеуде. Кадр мәселесі де ерекше алаңдаушылық туғызады. Ауылдық жерлерде ветеринариялық дәрігерлердің, зоотехниктердің, сондай-ақ жас мамандарды тарту мен ұстап қалу тетіктерінің әлсіздігі өндірістің сапасына тікелей әсер етуде. Бұған қоса, ветеринариялық және сервистік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы өңірлер арасында біркелкі емес, – деді сенатор.
Осыған байланысты мемлекет тарапынан саланы қолдаудың жаңа, нәтижеге бағытталған тетіктері кезең-кезеңімен енгізу мәселесін қарастырылуы қажеттігі ұсынылды.
Субсидиялау жүйесін жетілдіру, қолжетімді кредиттеу құралдарын кеңейту, өндіріс пен қайта өңдеуді ынталандыру, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу арқылы саланың тиімділігін арттыруды қолға алуымыз қажет деп есептейміз. Бұл ретте, селекциялық жұмысты күшейту, жасанды ұрықтандыруды кеңінен қолдану және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу негізгі басымдықтардың бірі болуы керек. Сондай-ақ ет пен ет өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорындарға жеткілікті көлемде шикізатпен қамтамасыз ету, оны ішкі және сыртқы нарықта тиімді сату тетіктеріне баса мән беруіміз қажет, – деді комитет төрағасы.