«ӨКМ операторы» функциялары «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына берілді

20 Қаңтар 2022, 19:51
2547
Бөлісу:
«ӨКМ операторы» функциялары «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы № 20 қаулысымен өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері операторының (ӨКМ) функциялары «Жасыл Даму» акционерлік қоғамына берілді. Сонымен қатар «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің құқықтары тоқтатылды.

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайты хабарлады.

Осы қаулымен Жасыл дамудың Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына қосылуына қатысты Үкіметтің 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 241 қаулысының күші жойылды. Осылайша, «Жасыл даму» акционерлік қоғамы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің (ЭГТРМ) ведомстволық бағынысты ұйымы болып табылады және мемлекеттің қатысу үлесі 100%-ды құрайды.

Яғни, акционерлік қоғам құрамында өзге жеке және заңды тұлғалар жоқ.

Осы қаулымен «ӨКМ Операторы» ЖШС жарғылық капиталына қатысудың жүз пайыздық үлесі жеке меншіктен мемлекеттік меншікке қабылданғаны анықталды.

Осы кезеңде «Жасыл Даму» АҚ үшін бірінші кезектегі міндет – ӨКМ мемлекеттік операторының қызметін жоспарлы режимде жедел жаңартуға бағытталған ұйымдастыру және құқықтық іс-шаралар қабылдау.

Бұл ретте кәдеге жарату төлемінің ағымдағы мөлшерлемелері уәкілетті орган қайта қарағанға дейін қолданыста болады, оларды әзірлеу және талқылау жақын арада жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев кәдеге жаратуды жинаумен шет елдердегідей мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы