Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын өз өндірісі болмаса да пайдаланған жүздеген компания анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің отандық тауар өндірушілердің тізілімі не үшін жасалып жатқанын түсіндірді.
Біз отандық тауар өндірушілердің реестрін іске қостық. Осы арқылы кімнің қазақстандық өндіруші екенін, ал кімнің ондай мәртебеге ие еместігін нақты анықтай аламыз. Бұған дейін нарықта жұмыс істеп жүрген кейбір компаниялар белгілі бір сомаға индустриялық сертификат алып, Қазақстан аумағында ештеңе өндірмей, тіпті қызметкері болмай тұрып, көрші елдерден тауар әкеліп, оны отандық өндіруші ретінде сатып келген. Соның нәтижесінде барлық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын, соның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысу мүмкіндігін пайдаланған. Біз енді нақты "қайсысы өзіміздікі, қайсысы өзіміздікі емес" екенін нақтылағымыз келеді, – дейді Нағаспаев Үкіметтегі баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, жаңа жүйе мәртебені растау рәсімін жеңілдетіп, бизнесті ашықтыққа жетелейді.
Бұл процесс ең алдымен дебюрократияландыруға бағытталған. Кәсіпорындарға әртүрлі мекемелерге барып, өздерінің жергілікті өндіруші екенін дәлелдеудің қажеті болмайды. Оның үстіне бәрі тегін жүргізіледі. Бұған дейін индустриялық сертификаттың құны 15 млн теңгеге дейін жеткені туралы ақпараттар болды. Айта кету керек, реестрдің нормативтік-құқықтық базасы өткен жылы-ақ дайындалған, – деді министр.
Қолданыстағы индустриялық сертификат иелері үшін өтпелі кезең қарастырылған.
Реестр ресми түрде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Индустриялық сертификат иелері – 1924 кәсіпорын – былтыр жылдың соңында реестрге үлгермей қаламыз деп алаңдады. Үкімет индустриялық сертификаттардың қолданыс мерзімін 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Осылайша 1924 кәсіпорын автоматты түрде реестрге енгізілді. Бірақ бұл олардың онда тұрақты түрде қала береді дегенді білдірмейді, – деді ведомство басшысы.
Мәртебені растау үшін компаниялар қосымша тексерістен өтеді.
Тоқсан сайын скрининг жүргізіледі. Бұл жалған өндірушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Барлығы электрондық қолтаңба арқылы тіркеліп, қажетті құжаттарды, соның ішінде өндірістік қызметі туралы бейнеесептерді ұсынуы тиіс. Қазір күн сайын осы жұмыспен айналысып отырмыз. Бүгінде шамамен 900 кәсіпорын реестрге тіркеліп, отандық тауар өндіруші мәртебесін растады, – деді министр.
Сонымен қатар өтінім берген компаниялардың едәуір бөлігі талаптарға сәйкес келмеген.
600-ден астам компанияға бас тарттық. Бұлар – жалған өндірушілер. Бас тарту себептері әртүрлі. Кейбірі өз өндірісіне қатысы жоқ бейнематериалдар ұсынған, тіпті мүлде басқа мазмұндағы видеолар тіркелген жағдайлар болды. Яғни компаниялар өздерінің қазақстандық өндіруші екенін дәлелдей алмай отыр. Бұл жұмыс оңай емес, бірақ біз оны “Атамекенмен” бірлесіп жүргізіп жатырмыз. Жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, – деп түйіндеді Нағаспаев.