Алматылықтардың өңделмейтін үлкен қоқыстарды – диван, есік сынды заттарын тұрғын үйдің маңайына үйіп жатқанын көреміз. Алайда өңделмейтін қоқыстарды бей-берекет тастағандарға айыппұл салынады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ірі қоқыс қатты тұрмыстық қалдықтармен бірге алынбайды. Себебі Алматы қаласы мәслихатының шешімімен, №505 бапқа сәйкес, баспалдақ алаңдарында, кіреберістерде немесе контейнерлер маңындағы контейнерлік алаңдарда үлкен көлемді қоқыстарды жинауға тыйым салынады. Осы ретте, Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Алматы қаласының экология басқармасына өңделмейтін қоқыстар жөнінде сауал жолдаған еді.
Алматы қаласының аумағын абаттандыру ережелеріне сәйкес, ірі көлемді қоқыстарды (қалдықтарды) шығаруды кәсіпорындардың өздері, мекемелер және жеке тұлғалар не қоқыс шығарушы кәсіпорындар ҚММ әкетуге арналған шарт негізінде жүргізеді. Одан бөлек, жылжымайтын объектілердің құрылысы және (немесе) жөндеуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар құрылыс қоқысын кәдеге жаратуға шарт жасасуы, оны өз бетінше немесе қоқыс шығаратын кәсіпорынмен шарт бойынша әкетуі қажет, – дейді баспасөз қызметі.
Басқарма қызметкерлері өңделмейтін үлкен қоқысты тастағандарға айыппұл салынып, әкімшілік жаза қарастырылғанын ескертті.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қалалар мен елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау бойынша: жеке тұлғаларға 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе ескерту жасауға әкеп соғады. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде іс-әрекеттер қайталанған жағдайда: жеке тұлғаларға 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді Алматы қаласының экология басқармасынан.
Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, алматылықтар үшін матрац, дөңгелек, ескі диван немесе қажетсіз тоңазытқыш сынды ірі қоқысты экологиялық таза түрде тапсыруға арналған екі мекенжай қарастырылған.
Олар:
- 7-ші көше, 134/12 («Алғабас» ықшамауданы);
- 144-ші есептік орам, 4690 (Айтей ауылы, Қарасай ауданы, Алматы облысы).