Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Он жасар Әйгерім Мұратқызы отандық дизайнерлер арасында алғаш рет өткізіліп отырған Altyn Oimaq байқауының финалына жолдама алды.
Бұл туралы байқаудың Instagram желісіндегі ресми парақшасы мәлімдеді. Жарыстың ең жас қатысушысы Әйгерімнің анасы Айнагүл Мазиновамен сұхбаттасып, қызының шығармашылығы жайлы сұрадық.
Айнагүл Жалғасбайқызы Мазинова, Ақтөбе қаласының тұрғыны. Көпбалалы ана. Негізгі мамандығы – филолог-магистр,қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы. «Алтын оймақ» байқауына 10 жасар қызы Әйгерім Мұратқызының жұмыстарымен қатысып отыр.
Қызымның ісмерлігі көп ойландырды
Негізгі мамандығым бойынша Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде дәріс бердім. Тігіншілік өнерді өте ісмер, түрлі көйлекті шебер тігіп киетін Бибіғайша әжемнің бауырында үйреніп өстім. Әжеме қызығып, қалған қиынды маталардан қуыршақтарды киіндіріп, төсек орнын тігетінмін. Әжемнің ауылда әдемі маталардан әр түрлі көйлек тігіп, киіп отыратыны, бала кезімнен қиял-арманымды өсіріп, өсе келе ерекше киінуге жетеледі. Осыдан он жыл бұрын ателье ашып, жұмыс жасадым, бірақ бала күтіміне байланысты тоқтата тұру керек болды. Себебі жұмысты жіті бақылауыңда ұстап, жеке-жеке адамдармен жұмыс жасау, тіккен киімің көңілдерінен шығуы өте көп жауапкершілікті талап етеді. Өзгеге сеніп тапсыру қиын.Балаларым өсіп, ер жете бастаған уақытта үлкен балам ғылым жолын таңдап Назарбаев зияткерлік мектебіне түсті, ал қызым Әйгерімнің ісмерлігі мені көп ойландырды. Ол керекті көйлегінің суретін салып, оны шамасы жеткенше пішіп-тігетін болды. Әйгерім Ақтөбе қаласында Шығармашылық академиясының «Тұмар» үйірмесінде, Көркемсурет лицейінде, Техникалық шығармашылық орталығында бисер тоқудан білім алды. Қызым шығармашылық бағытта Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің «фортепиано» студиясында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып жүлделі орын алып жүрді(жетекшісі - Давлетова Ә.С.). Музыкамен қатар төрт жыл «Самрұқ» эстрада балет ансамбілінде биден сабақ алып, Республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда Гран при ұтып келіп жүрді (жетекшісі Мухамедалина Л.А). Осы жылы көркем гимнастикамен де айналысады.
Әйгерімнің бала кезден шыдамдылығын, сабырлылығын, шығармашылық деңгейде қай салада да әдемілікті көре білетіні, түс таңдауда талғамын, киімге деген қызығушылығын байқадым. Тігін машинасымен өзіне киім тігетінін, үлкен киімдерді қысқартып, өзіне шақтап керемет тікпесе де үйлестіруге тырысатын талабына көңіл қойып, ателье ісін басқа бағытта қолға алдым. Қызымның киім эскиздерміне қызығушылығына байланысты Ташкент қаласынан Өзбекстанда танымал Динара Усман деген дизайнермен жұмыс жасап, тәжірибемізді жетілдірдік. Динара Әйгерімге жетекшілік етіп, сабақ береді.
2018 жылы 14 шілдеде "Ai Kerim style and design" деген атаумен фирмамыздың жұмысын бастадық. Сән саласына өзінің үлесін қосқысы келетін Әйгерімнің талғамымен сызылған суреттердің бәрін ательемізде тігіп, бірнеше коллекция шығардық. Жылға жетпейтін уақыт ішінде жеткен жетістіктерімізді де айтып өткім келеді. Қыркүйек айында Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен өткен "Этно fashion " сән фестиваліне жолдама алдық. Ең жас дизайнер болып Әйгерімнің этностильдегі жұмыстары өтті. Ол жерде ұлттық үлгідегі офистік киімдерден пальто ұсындық. Киімдегі нақыштарды жүннен сурет салу техникасымен жасалды. Комиссия талғамынан жоғары бағаланды. Бұл фестиваль ерекше шабыт сыйлады, көптеген дизайнерлермен танысуымызға көмектесті.
Сонымен қатар кәсіп саласында әр түрлі тақырыпта киім тігеміз, трикотажбен жұмыс істейміз. Футболкалар, көйлектер әзірге Ақтөбе қаласында сатылымда жүр. Екінші бағыт – балаларға арналған ұлттық нақыштағы киімдерді шығарудамыз.
Әйгерім ешкімде қайталанбайтын қазақтың танымына лайықты киімдер тігеді
Әйгерімнің ерекшелігі – өнерге деген құштарлығы, өзге ешкімде қайталанбайтын қазақы танымға лайықты киімдер тігуі. Біз Қытай, Түркия, Италия, басқа да елдерден келген киімдерденмен салыстырғанда Қазақстанның өзінің калоритіне, дәстүріне сай тіге алатынынымызды көрсеткіміз келді. Үлкен аренаға шығуды мақсат еттік. Әзірге алғашқы қадамдарымызды жасап жатырмыз. Бұл салада ашылғанымызға бір жыл да болмады. Әйгерім-жас. Оның болашағы алда. Алғашқы қиындықтар, талпыныс бәрі бала кезінен бойына сіңсе, кез-келген уақытта білімін жетілдіре жүріп, Әлемге Қазақстанды танытады деген үміттеміз.
Қызымның жұмыстарына дизайнерлер таң қалады
Жұмыстың қиындығымен қатар, қызықтары да болады. Фестиваль кезінде, интервью алып жатқан кезде анасы ретінде, ұйымдастырушы ретінде сөйлеймін. Көпшілік мені дизайнер деп ойлайды. Шын мәнінде мен тігіншімін. Алматы қаласында өткен фестивальде қаншама жылдық тәжірибесі бар дизайнерлер келді. Біздің тарапымыздан Әйгерімнің киімдерін ұсынғанда, әуелде кімнің жұмысы деп ойлаған екен, сөйтсе сахнаға кішентай ғана қызым шыққан уақытта бәрінің де таңқалғаны рас.
Жеңіл өнеркесіп жоғары дамыған, халқына, басқа мемлекеттерге өнімін ұсынып отырған Өзбекстаннан алған тәжірибеміздің пайдасы өте көп болды. Оларда дизайнерлердің даму қарқыны өте іргелі, тігу техникасы мүлде басқа. Қазақстан ондай қадамды ендібасып жатыр.
Жұмыстағы қиындықтар өте көп, себебі барлық мата түрлері, барлық құралдар шетелден алынады. Қазақстанда өндірілген маталар жоқтың қасы. Көбіне сырттан алып келеміз. Осының өзі қиындық. Көп жерде қаржы бөлуге және даму бағдаралмасы бойынша Қазқастанның өзінде материал шығару жөнінде ұсыныстар жасап жүрмін. Сырттан келген мата бәрібір қымбат. Екіншіден, қол күші, ғимаратты жалға алу өте қымбат. Көмекші болсын, мастер болсын тігу барысында олардың айлығы өте жоғары, соны төлеуіміз керек. Осы шығындарды есептегенде киім бағасы қымбаттайды. Ал біздің нарықта киімге бәсеке өте жоғары. Соның ішінде шетелден келген тауарлардың бағасы әлдеқайда төмен болғандықтан, біздің қымбат киімімізден гөрі солардың өтімі тез. Халықтың айлық табысы ондай жоғары емес. Дизайнерлік киім деп айтқан өзінде халықтың білімі әлі толық жетпейді. Бір киімді бірнеше адам киіп жүргеннен, бір ғана адамның киюі ерекше емес пе? Мұны тұтынушы түсіне бермейді. Біз өзіміздің сызылған эскиздер бойынша киімдер тігіп, ұсынамыз. Мұндайда адамның шығармашылық қабілеті өседі, фантазияңды қағазға түсіріп, оны кию деген ғанибет. Көп жағдайда ол киімдер тұрып қалатын болғандықтан жекелеген адамдардан тапсырыс алуға тура келеді. Осы уақытта жекелеген тұтынушымен жұмыс жасау өте көп уақыт алады. Қаражат мәселесін шешу үшін тапсырыс берушінің талабымен жұмыс жасауға тура келеді.
Әйгерім әлемге танымал дизайнер болады деп сенемін
Бізді шабыттандыратын нәрсе өзімізде өндірілген өнімдердің сексен пайызы сатылып кетті. Бағасы жоғары болса да, оның сапасына, талғамына қарай өте жақсы көзқарас туындап келе жатыр.
«Алтын оймақ» байқауының сңғы күні тіркелдік, ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Өте сауатты, ұйымдастырушылық жұмыстарын жіті қадағалайды. Бұл байқау өзімізді тегін жарнамалауға мүмкіндік бергеніне, мемлекет осындай қолдау көрсетіп жатқанына қуанып қалдық. Шығармашылық адамдарға қолдау жетіспей жатады. Осы жағынан жеңіл өнеркәсіпке мән беріп жатқаны қатты қуантты.
Көп балалы ана ретінде ұстанымым – балаларымды жақсы деңгейде халқына еңбегі сіңетін, халқына қызмет жасайтын тұлғалар ретінде жетілдіру. Балалық арманыма қызым шабыт берді, күш берді. Қызымды әлемге танымал дизайнер болып өседі деп ойлаймын. Алдағы уақытта біздің ұжым Әйгерім дайындап жатқан бірнеше тақырыптағы коллекцияларыды қолға алып отыр. Оларды жалпы сатылымға, көпшілікке арналған сериямен шығаруды жоспарлап отырмыз. Тағы бір мақсатымыз – синтетикалық, трикотаж материалдардан қазақстандық спортшыларға киімдер тігу. Бізде футбол, басктбол федерациялары киімді шетелде тіктіреді. Ұлттық өнім ретінде Қазақстанда шығарғымыз келеді. Оған қаражат көптеп керек. Шамамыздан да артық еңбектеніп, барынша адал еңбегімізді сіңіріп, Қазақстанның экономикасын көтеруге қызмет етеміз.