Ақмола облысында 8,4 млн теңгеге ұрлық жасаған күдікті анықталды, тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2 сәуірде Ақмола облысы полиция департаментінің аудандық бөлімдерінің біріне жергілікті кәсіпкерден шағым түсті. Ол сауда үйіндегі жалға алынған үй-жайдан бірнеше рет ақша қаражаты мен тауарлық-материалдық құндылықтар ұрланғанын хабарлаған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 8,4 миллион теңгені құраған.
Тергеу барысында 3-12 наурыз аралығында сауда үйінің бейнебақылау камералары электр қуатының үзілуіне байланысты мезгіл-мезгіл істен шығып отырғаны анықталды. Сонымен қатар көрші ғимараттардың бейнежазбаларын талдау нәтижесінде ғимарат ашылмай тұрып бірнеше мәрте кірген жергілікті тұрғын бейнеге түсіп қалған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті тұлға анықталып, оның қылмысқа қатыстылығы тексерілуде. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.
Полиция департаменті мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кәсіпкерлерге бірқатар қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда ірі көлемдегі қаражатты сақтау үшін сенімді құлыптары бар сейфтерді пайдалану, қолма-қол ақшаны түнгі уақытта кассада қалдырмау, бейнебақылау жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін және жазбаларға қолжетімділікті үнемі қадағалап отыру, сондай-ақ қажет болған жағдайда кәсіби күзет қызметімен келісімшарт жасау ұсынылады.