Балалар арасындағы КВИ ағымының ерекшеліктері туралы Министрліктің бас штаттан тыс балалар инфекционисі Динагүл Баешева айтты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аурудың бірінші толқынында 5-тен асқан балалар жиі ауыратын. Бүгінде аурудың басқа жастағы балаларға да біркелкі таралғанын көріп отырмыз. Қазір балалар жаңа туғаннан бастап ауырып жатыр. Бірақ біз барлығын стационарға жатқыза бермейміз, 90 пайызы емханада қаралады. Өйткені негізінен жеңіл түрде өтетін ауру. Бірақ балалардың қосалқы ауруы болса, біз оларды стационарға жатқызамыз. Өйткені қосалқы ауруы өршіп кетуі мүмкін, - деді ол.
Сондай-ақ сарапшы ата-аналарға 5 жасқа дейінгі бала мазасызданып, түні бойы ұйықтамаған болса, омырауды алмай, тамақ жемей қойса, температура төмендемей, жылдам тыныс алу, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілері болса, дереу медициналық мекемеге бару керегін ескертті.
Баланың дене қызуы көтеріліп, жөтелі күшейсе, сосын ауа жұтқанда тынысы тарылып, толыққанды дем ала алмаса, дауысы өзгере бастаса, міндетті түрде стационарға жатқызуымыз керек. Өйткені оларға компресс те қоюға болмайды, антибиотик те болмайды. Жағдайы тез нашарлап, бала қайтыс болып кетуі мүмкін, - деді Динагүл Баешева.