Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Омбы қаласындағы Консулдығы әлемдік ғылымның атақты өкілдерінің қатарында лайықты орны бар ұлы қазақ зерттеушісі, ағартушысы және саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына арналған еске алу акциясын ұйымдастырды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.
Ұлы ғалымның есімі берілген көшедегі дипломатиялық өкілдік ғимаратының жанында орналасқан Ш. Уәлихановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Оған қатысқандар Ш. Уәлихановтың Қазақстан мен Ресейдің ғылымы мен мәдениетінің дамуына баға жетпес үлес қосқанын, ал оның есімі екі ел арасындағы достықтың символына айналып, әлемдік ғылымның көрнекті тұлғалары арасында лайықты орын алатындығын атап өтті.
Өз кезегінде Консулдықтың басшысы Ырысқали Дәуренбек Омбы облысының үкіметіне ұлы ғалымның атын есте сақтағаны және осы іс-шараны өткізуге көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Іс-шараға сондай-ақ Омбы облысы Үкіметі төрағасының орынбасары, Өңірлік саясат және бұқаралық коммуникациялар министрі Михаил Каракоз, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Омбы қаласындағы өкілдігінің басшысы Евгений Косинцев және Омбы кадет әскери корпусының бастығы, полковник Вячеслав Саликов қатысты.