Ресейдің Омбы қаласында Қазақстаннан барған 60 жастағы жүргізуші таңбаланбаған темекінің ірі партиясын тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Заңсыз айналымнан жалпы құны 5,5 миллион рубльден асатын 37 210 қорап темекі тәркіленді. Бұл шамамен 30 миллион теңгеге тең. Бұл туралы «Омск-информ» қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөліміне сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, қыркүйек айының соңында ер адам Павлодарда белгісіз адамдардан темекі салынған қораптарды алған. Ол оларды Volvo маркалы жолаушылар автобусының жүк бөлігіндегі жасырын орындарға орналастырып, Омбыға жол тартқан.
Арада екі күн өткен соң Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Омбы облысы бойынша шекара басқармасы қызметкерлері жүргізушіні темекіні ангарға түсіріп жатқан кезде ұстаған. Көлікті тексеру барысында жедел қызметкерлер таңбаланбаған темекі өнімдерін тапқан.
Ер адамға аса ірі мөлшерде сату мақсатында таңбаланбаған темекі өнімдерін сатып алу, сақтау және тасымалдау, сондай-ақ контрабанда фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Омбы қаласының Первомай аудандық соты күдіктіні үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Қазір тергеу темекіні тасымалдауға қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды және олардың бұл іске атқарған рөлін анықтап жатыр.