Омаров Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

12 Шілде 2022, 20:07
1249
Бөлісу:
Омаров Алматы қаласына жұмыс сапарымен барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров сапар барысында Алматы қаласындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұжымымен кездесіп, қаладағы мемлекеттік-конфессияаралық қарым-қатынас мәселелерін талқылады.

Жұмыс сапары аясында министр Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне барып, Митрополит округі Түркістан епархиясының 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған «Ежелгі орыс өнері» көрмесіне қатысты. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Митрополит округі епархияның ісін лайықты жалғастырушы ретінде, ағартушылық және қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысып, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, этносаралық және конфессияаралық диалогты дамытуға үлес қосып жүр.

Бұған қоса көрмеде Ә.Қастеев атындағы музей қорынан алынған XVII-XIX ғасырдағы шіркеу өнері жинағының тұсауы кесілді.

Сапар аясында А.Омаров Алматы қаласындағы Жастар ресурстық орталығында болып, мекеменің тыныс-тіршілігін көріп, министрліктің жастарға арналған оқыту бағдарламалары және жастар саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің мәртебесі төңірегінде сөз қозғады.

Сондай-ақ министр «Еріктілер лигасы» қозғалысының өкілдерімен, «Жайдарман» қозғалысының қатысушылары және ұйымдастырушыларымен кездесті. Әңгіме волонтерлікті дәріптеу, «Жайдарман» ойындарын одан әрі дамыту, сондай-ақ, жастарды тәрбиелеу туралы болды.

Асқар Омаров жастар ресурстық орталығы базасындағы қазақ stand up-ты дамытуды көздейтін «J-club» жобасы, CAD модельдеуге оқыту, 3D прототиптеу, графикалық дизайн, монтаждау негіздерімен айналысатын «Innovation HS» және де арт-терапияны қолдана отырып, нашар еститін балалармен жұмыс істейтін «Ел-Назы» мекемелерімен танысты.

Өзгелердің жаңалығы