Оманда Иран мен АҚШ арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Anadolu-ға сілтеме жасап.
Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер 2025 жылдың маусымында Израиль мен АҚШ-тың шабуылдарынан кейін тоқтатылған еді. Енді бұл диалог Оман астанасы – Маскат қаласында қайта жанданды.
Келіссөздер Иран мен АҚШ арасындағы шиеленістің жаңа кезеңі аясында, сондай-ақ аймақта АҚШ-тың әскери қатысуы күшейіп тұрған тұста өтіп жатыр.
Оманның арағайындығымен өткен кездесулер аясында тараптардың делегациялары Маскатта осы елдің сыртқы істер министрі Бадр бин Хамад әл-Бусаидинің үйлестіруімен жиналды.
Иран делегациясын сыртқы істер министрі Аббас Аракчи бастап келсе, АҚШ атынан АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысуда.
Сонымен қатар Иран тарапынан келіссөздерге Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Маджид Тахт-Раванчи, экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Хамид Канбари, сондай-ақ Иран СІМ-нің ресми өкілі Исмаил Багаи қатысып отыр.
АҚШ делегациясы құрамында Уиткоффтан бөлек, президенттің кеңесшісі әрі оның күйеу баласы Джаред Кушнер бар.
12 күндік соғыстан кейін Иран мен АҚШ қайта келіссөз үстеліне отырды
Иран мен АҚШ арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер 12 күнге созылған соғыстан кейін қайта жанданды. 2025 жылғы маусымда Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдарынан кейін үзіліп қалған дипломатиялық процесс аймақ елдерінің, ең алдымен Түркияның белсенді араласуының арқасында қайта іске қосылды.
Қайта басталған келіссөздер барысында негізгі келіспеушіліктер уранды байыту және жоғары деңгейде байытылған уран қорын Иран аумағынан шығару мәселелеріне қатысты болып отыр. Тегеран ядролық қару жасауға жол бермейтін шектеулер аясында ядролық бағдарламасын сақтай отырып, оған жауап ретінде санкциялардың алынуын талап етеді. Ал Вашингтон Иранның уран байытуды толық тоқтатуын және жоғары байытылған уран қорын елден тысқары шығаруды талап етіп отыр.
Сонымен бірге АҚШ әкімшілігі келіссөздер күн тәртібіне Иранның зымыран бағдарламасын және аймақтағы қарулы топтарды қолдау мәселесін де қосуды көздейді. Ал Иран тарапы ядролық бағдарламадан тыс тақырыптарды талқылауға келіспейтінін бірнеше рет мәлімдеген.
Еске салайық, бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-пен ядролық келіссөздер жұма күні Оманда өтетінін жаздық.