Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрметтi отандастар! Баршаңызды келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз үшін өткен жыл әлеуметтік және экономикалық елеулі оқиғалармен есте қалды. Бұрын-соңды болмаған су тасқыны кезінде ынтымағы бекем халқымыз бауырмалдық пен өзара тілеулестіктің бірегей үлгісін көрсете білді, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол елімізде экономиканың орнықты өсуі жалғасып тапқанын алға тартты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өндірісті әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында экономикамыз шикізаттық емес сектордың есебінен орнықты өсуін жалғастырды. Сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-мәдени өмірінде де ауқымды бастамалар табысты жүзеге асырылды. Осынау игіліктердің барлығына азаматтарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Президентіміз 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Адал әрі табанды еңбекті дәріптейтін атаулы жыл шеңберінде алдымызда тұрған мақсат-міндеттерге бірлесе қол жеткіземіз деп сенемін. Жаңа жыл өмірлеріңізге қуаныш, шаңырақтарыңызға шаттық сыйласын. Сіздерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін! – деді Олжас Бектенов.