- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Қазақстан ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хабқа айналуды көздейді
Қазақстан ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хабқа айналуды көздейді
Олжас Бектенов Душанбеде өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
20 Қазан 2026, 14:45
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Душанбе қаласында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуіне және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің (ҮБК) шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.
ШЫҰ кеңесі отырысының жұмысына Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ кеңейтілген құрамға төрағалық етуші елдің қонақтары ретінде Моңғолия мен Түрікменстан өкілдері, ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдары мен қоғамдық ұйымдарының басшылары қатысты.

Шағын құрамда өткен отырыста ШЫҰ қызметін жетілдіру шеңберінде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасылды. ШЫҰ елдері экономикаларының ауқымы, географиялық орналасуы және өндірістік қуаттарды өзара толықтыруға болатыны анағұрлым батыл міндеттер қоюға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыруға, бірлескен индустриялық жобаларды іске қосуға, өзара көлік байланысын нығайтуға назар аударылды. Қазақстандық тарап энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру, ШЫҰ елдерінің су проблемаларын талдау орталығын құру, энергетикалық және су қауіпсіздігі мәселелерін көтерді.
ШЫҰ ҮБК-нің кеңейтілген құрамдағы отырысында экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде халықаралық әріптестердің әлеуетін пайдалану мәселелері қаралды. Іскерлік кеңес пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы банкаралық бірлестігінің 2025-2026 жылдардағы қызметі туралы баяндама тыңдалды.
ШЫҰ-ның елеулі экономикалық, адами және ресурстық әлеуеті бар беделді халықаралық құрылым ретінде орныққаны атап өтілді. Халықаралық жағдай үлкен қарқымен өзгеріп жатқан тұста мемлекеттердің жаңа жағдайға уақтылы бейімделе алуы ерекше маңызға ие.
Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен елді саяси және экономикалық жаңғырту жөніндегі кешенді бағдарламаны жүзеге асыруда. Биыл шілде айында Әділетті және Күшті Қазақстанды құруға бағытталған жаңа Конституция күшіне енді. Мемлекеттеріміздің жүйелі түрде дамуы бүкіл Шанхай ұйымының әлеуетін нығайта түседі. ШЫҰ-ның экономикалық мүмкіндіктері өте зор. Біздің өңіріміз – ірі өндірістік, энергетикалық, азық-түлік және тұтыну нарықтарын қамтитын әлемдік экономиканың негізгі тораптарының бірі. Елдеріміздің күш-жігерін біріктіру сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге қосымша серпін беретініне сенімдімін, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде өзара сауданы кеңейту, көлік-логистикалық инфрақұрылым мен цифрлық өзара байланысты дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу жөніндегі нақты шараларға тоқталды.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимыл шеңберінде кедергілерді одан әрі жоюдың және сауда рәсімдерін оңайлатудың маңыздылығы атап өтілді. Қазақстан ШЫҰ-ның арнайы жұмыс тобына төрағалық ете отырып, барлық процестердің ашықтығын арттыру, цифрландыру және біріздендіру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Маңызды бағыттардың бірі – өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейту жөніндегі уағдаластықтарды жүзеге асыру: қазіргі таңда Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен трансшекаралық төлемдердегі ұлттық валюталардың үлесі 70%-ға жуықтады.
Өзара көлік байланыс саласында Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын өңірдің қолданыстағы және перспективалы көлік дәліздерімен интеграциялау бойынша жүйелі диалог орнатуды, сондай-ақ 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясында бірыңғай көлік жүйесін қалыптастырудың негізгі бағдарларын айқындауды ұсынды. ШЫҰ порттары мен логистикалық орталықтарын дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру шеңберінде теңіз және құрғақ порттарды жаңғырту, олардың өткізу қабілетін арттыру бойынша бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігі айтылды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты іскерлік байланыстарды дамыту алаңдарының біріне айнала алады. Аталған бағыт бойынша тасымалдау көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Цифрландыру саласында жасанды интеллект және технологиялық шешімдермен алмасу саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақстанның цифрлық экономиканы дамытудағы тәжірибесі атап өтілді.
Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру аясында біз озық цифрлық экономика мен өңірлік жасанды интеллект хабын құру ісін қолға алдық. Тек соңғы 5 жылда біздің IT-қызметтер экспорты 34 есе өсіп, $1,1 млрд-қа жетті. Бұдан қазақстандық цифрлық шешімдердің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің артып келе жатқанын көруге болады. Біз қол жеткізілген нәтижелерді еселей түсуге және қызметтерімізді ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хаб ретінде одан әрі ұсынуға ниеттіміз, – деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.
Қазақстан технологиялармен алмасу және оларды кеңейту үшін Алматыдағы БҰҰ ЭСКАТО-ның Азия – Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығының әлеуетін іске қосуды ұсынды. Сондай-ақ ШЫҰ қолдауымен мүше мемлекеттердің технологиялық және сараптамалық әлеуетін біріктіруге бағытталған жасанды интеллект орталықтарының желісін құру туралы бастама көтерілді.

Отырысқа қатысушылар ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді екенін және келісілген шешімдер мен құжаттарды іс жүзінде іске асыруға дайындығын растады.
ШЫҰ ҮБК отырысының қорытындысы бойынша көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік қатынасы, өнеркәсіп ынтымақтастығы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және тағы да басқа салаларда бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында халықаралық мультимодальды жүк тасымалдарын дамытуға арналған Шанхай ынтымақтастық ұйымының цифрлық платформасын құру тұжырымдамасы туралы кеңестің шешімі бар.
Ең оқылған:
- Республика күніне орай қай өңірлерде халыққа ақша беріледі?
- Республика күніне орай қазақстандықтар неше күн демалады?
- Кім жәрдемақы алады, кім алмайды? 2027 жылдан енгізілетін өзгеріс туралы не білу керек
- Миллиардтаған долларлық Қашаған: Қазақстан әлемдегі ең ірі кен орындарының бірінен қанша табыс тапты?
- Дильназ Ахмадиеваның даулы клипы: Білім басқармасы мәлімдеме жасады
Мөлдір ЖАНАТБЕКҚЫЗЫ