Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Өлместік жайлы әңгіме: Бейжіңде Путин мен Сидің құпия сөзі эфирде жария болып кетті

4 Қыркүйек 2025, 09:54
749
Бөлісу:
 Alexander Kazakov/Pool/AFP via Getty Images
Фото: Alexander Kazakov/Pool/AFP via Getty Images

Бейжіңдегі әскери парадтың тікелей эфирінде Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің ұзақ өмір мен өлместік туралы әңгімесі жазылып қалды. Әдетте саясат пен қауіпсіздік талқылайтын қос лидер бұл жолы биотехнология мен болашақ медицина жайын сөз етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Bloomberg дерегінше, бұл әңгіме КХДР басшысы Ким Чен Ынмен бірге Тяньаньмэнь қақпасына қарай бет алып бара жатқанда тіркелген. Жазбада Си Цзиньпиннің: "Қазіргі заманда… 70 жас" деп айтқаны естіледі. Ол жуырда ғана мұндай жасқа жету сирек болғанын меңзеген. Ал аудармашы орысша: "Бұрын адамдар 70 жасқа сирек жететін, ал қазір 70 жаста да бала сияқтысың" деп толықтырған.

Путин әңгімеге ілісіп: "Биотехнологиялардың дамуының арқасында адам ағзаларын үнемі ауыстыруға болады, сол арқылы адамдар жасара беріп, тіпті өлместікке жетуі мүмкін" деді. Оның сөзі алдымен қытай тіліне, кейін корей тіліне аударылды. Си Цзиньпин болса: "Болжамдар бойынша, осы ғасырда 150 жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігі бар" деп түйіндеді.

Кейінірек өткен баспасөз мәслихатында Путин әңгіме шынымен де ұзақ өмір сүру туралы болғанын растады.

Қазіргі заманғы медициналық және хирургиялық әдістер адамзатқа белсенді өмірдің әлдеқайда ұзақ болатынына үміт береді, - деді ол.

Bloomberg атап өткендей, Қытайда мұндай жоспарланбаған әңгімелердің жария болып кетуі өте сирек кездеседі, әсіресе мемлекеттік деңгейде мұқият дайындалатын шараларда.

Өзгелердің жаңалығы