«Олимп» зертханасы АИТВ инфекциясын бастапқы анықтау жағдайларын айтты

28 Маусым 2022, 12:50
1689
Бөлісу:
«Олимп» зертханасы АИТВ инфекциясын бастапқы анықтау жағдайларын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) анықтауға бағытталған зерттеуді екі жылдан бері жасап келеді. 

Бұл уақыт аралығында «ОЛИМП» зертханасында АИТВ инфекциясына 105 мың адам тексерілді. АИТВ 225 пациентте анықталды, оның ішінде 130 адамда инфекция алғаш рет табылған, - деп хабарлады «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Зертхана басшысы инфекцияның алғаш рет анықталуы жайында нақтырақ айтты.

АИТВ инфекциясын анықтағанда біз оң сынамаларды ЖИТС орталықтарына (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес орталықтары) нәтижелерін растау үшін жібереміз. Кейде біршама пациенттерге бұған дейін АИТВ диагнозы қойылғаны, ол адамдар туралы мәлімет ЖИТС орталықтарында бар екендігі анықталады. Бірақ біз АИТВ инфекциясын анықтаған пациенттердің жартысынан көбі осы уақытқа дейін өздерінде жұқпа барын білмеген, оларға бұл диагноз алғаш рет қойылып отыр. Яғни бұл жағдай жекеменшік зертханаларда АИТВ-ке тексерілудің қолжетімділігі инфекцияны анықтау көрсеткішін арттыратынын дәлелдеп отыр, - деп атап өтті Ерлан Сүлейменов.

Зертхана жетекшісі АИТВ-ке қаралу неғұрлым оңай болса, соғұрлым көп адам өзінің АИТВ-мәртебесін анықтай алады деп санайды. Ал бұл өз кезегінде жұқпаны ерте кезеңде, пациент өз мәртебесін білмей инфекцияны көп адамға жұқтырып үлгермеген кезде анықтап, вирусқа қарсы емді уақытылы бастау мүмкіндігін арттырады.    

 Жалпы қан талдауын тапсыру қаншалықты оңай болса, АИТВ-ке қаралу да сондай жеңіл болуы қажет. Себебі адамдардың барлығы АИТВ-ке тексерілу үшін ЖИТС орталықтары мен тұрғылықты жерлері бойынша бекітілген емханаларға арнайы баруға дайын деп айта алмаймыз. Жекеменшік зертханалар керісінше жер-жерде орналасқан, соның арқасында адамдар өзіне қолайлы жерде АИТВ-ке талдау тапсыра алады. Бұл өз кезегінде жұқпаның болуы ықтимал адамдардың неғұрлым көп санын тексерумен қамтуға ықпал етеді, - дейді Ерлан Сүлейменов. 

Инфекцияның негізгі таралу жолы - қорғалмаған жыныстық қатынастар.  Сондай-ақ АИТВ-ті стерильді емес құралдар арқылы медициналық, косметологиялық және өзге манипуляциялар кезінде де жұқтыру мүмкін. 

Талдау үшін көктамыр қаны қолданылады.

АИТВ инфекциясының маркерлері қанда жұқтырудан кейін бірнеше апта өткен соң ғана біліне бастайды. Сондықтан АИТВ-ті анықтауға бағытталған талдауды ықтимал жұқтырудан кейін кем дегенде бір ай өткен соң тапсыру ұсынылады. 

Өзгелердің жаңалығы