"Өліміне кінәлі адам әлі бостандықта": Алматылық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапқан

Екі жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза тапқан қыздың анасы қоғамға үндеу жасап, көмек сұрады.

Бүгiн 2026, 17:05
АВТОР
 Threads Бүгiн 2026, 17:05
Бүгiн 2026, 17:05
179
Фото: Threads

Алматыда 2024 жылы жұмбақ жағдайда көз жұмған Вероника Соколованың құрбысы әлеуметтік желіде марқұмның өліміне қатысты жазба жариялап, істің екі жылдан бері қозғалмай тұрғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Вероника Соколова 2024 жылғы 13 маусымда алғашқы кездесуге барып, сол түні көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап қаза тапқан. Құрбысы бұл оқиғаны кісі өлтіру деп санайтынын айтып, оны суицид ретінде көрсетпек болғанын мәлімдеді.

Менің құрбым Вероника Соколованы Алматыда алғашқы кездесу кезінде өлтіріп, оны суицид ретінде көрсетпек болды. Іске қатысты дәлелдердің бір бөлігі, оның ішінде бейнежазбалар мен оқиға орнындағы фотосуреттер жоғалып кеткен. Тергеуші бұл істі жаппақ болған. Алайда Верониканың анасы "НеМолчи.kz" қорының көмегімен істің қайта тергелуіне қол жеткізді, – деп жазды ол.

Құрбысының айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін Вероника пәтер жалдауға үй іздеп жүрген. Сол кезде оған пәтер көрсеткен риелтор жігітпен танысқан. Бір айдан кейін, 2024 жылғы 10 мамырда жігіт оны кездесуге шақырып хабарлама жіберген.

Вероника қайтыс болғаннан кейін анасымен бірге оның iCloud сақтау жүйесінен риелтор Әлібек У.-ден келген хабарламаның скриншотын таптық. Ол мұны алдын ала сақтап қойғандай көрінді. Ақыры олар 12 маусым күні мейрамханада кездесіп, сол түні жігіт шақырған пәтердің терезесінен құлап кетті, – дейді құрбысы.

Оның сөзінше, оқиға кезінде жедел жәрдемді пәтер иесі шақырмаған. Ал полиция оқиға орнына жедел жәрдемнен бірнеше сағат кейін ғана келген.

Ең қызығы, оқиға орнында аяқ астынан Әлібек У.-дың досы пайда болған. Оның айтуынша, полиция хабарласып, "досыңның пәтерінен қыз құлап кетті" деп айтқан. Бұл бір түсініксіз жағдай. Вероника қолында барлық затын – сөмкесін, телефонын және ноутбугын ұстап құлаған. Оның үстіне бұл заттардың ешқайсысы бүлінбеген. Неліктен?, – деп жазады ол.

Құрбысының айтуынша, барлық күмәнді жайттарға қарамастан, риелтор жігіт іс бойынша тек куәгер ретінде өтіп жатыр.

Көршілер пәтерден шу естігеніне қарамастан, құлау траекториясы күмән туғызғанына қарамастан, ол омыртқасымен дәл жиектасқа құлағанымен, денесі табиғи қалыпта жатқан. Қол-аяғы денесінің бойымен түзу орналасқан. Бірақ сараптамада омыртқасының зақымданбағаны анықталды. Соған қарамастан Әлібек У. Верониканы есірткі қолданған деп қаралады. Сондай-ақ оның өз пәтерінен құлаған қызға жедел жәрдем шақыруға да әрекет жасамағанын ескерген жөн, – деп мәлімдеді құрбысы.

Марқұмның анасы полиция мен прокуратураға үндеу жасады

Ал Вероника Соколованың анасы Любовь Соколова Алматы қаласының полициясы мен прокуратурасына бейнеүндеу жасап, өзінің үй мекенжайы бөгде адамдарға қалай берілгенін анықтауды талап етті.

Мен – 2024 жылы риелтормен кездесуге барып, қайтыс болған Вероника Соколованың анасымын. Алматы қаласының полициясы мен прокуратурасына жүгінемін. Менің үй мекенжайымды бөгде адамдарға кімнің және қандай негізде бергенін шұғыл анықтауды сұраймын. Бұл – құпия ақпарат, ол ашық дереккөздерде қолжетімді емес, – деді ол.

Анасының айтуынша, қоғамнан көмек сұрап жария үндеу жасағаннан кейін бірнеше күн өткен соң оның үйіне өзін қызы қайтыс болған күні оның жанында болған адамның отбасының адвокаты ретінде таныстырған азамат келген.

Екі жыл бойы сол кеште нақты не болғанын және қызымның өліміне кім жауап беретінін анықтауға тырыстым. Бірақ тергеудің орнына полиция мен прокуратура тарапынан әрекетсіздікке тап болдым. Осы уақыт ішінде ешқандай нақты жауап алған жоқпын. Сондықтан жұртшылықтан көмек сұрауға мәжбүр болдым. Басқа амалым қалмады, – деді ол.

Любовь Соколованың айтуынша, 2026 жылғы 26 маусымда үйіне келген адам оған көңіл айтып, қаржылай көмек ұсынған.

Олар маған көңіл айтты, ақша ұсынды. Бірақ мен үшін қызымның өмірі ешқандай ақшамен өлшенбейді. Ақша қызымды қайтара алмайды. Менің ойымша, олар осылайша бұл істі жабуға тырысты, – деді ол.

Марқұмның анасы осы оқиғадан кейін өзінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты.

Осы кездесуден кейін өз өмірім үшін қорқамын. Менің мекенжайымды кім бергенін, қандай мақсатпен келгенін және бұдан кейін не болуы мүмкін екенін білмеймін. Егер маған бірдеңе болса, бұл іс мүлде жабылып қалуы мүмкін. Себебі қызым үшін күресетін ешкім қалмайды, – деді ол.

Сөз соңында Любовь Соколова қазақстандықтарға үндеу жасап, бейнежазбаны таратуға шақырды.

Барша бейжай қарамайтын адамдардан осы видеоны таратуды сұраймын. Сіздердің қолдауларыңыз ғана маған әділдікке қол жеткізуге көмектеседі, – деді марқұмның анасы.

Біз бұл жағдайға қатысты Алматының полиция департаментінен пікір білдіруін сұрадық. Әзірге ресми жауап берілген жоқ. 

Наверх