7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Ақтөбе облысындағы №6655 әскери бөлімінде жемісті еңбек етіп, ел қорғаны болып жүрген әскери қызметшілермен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөлімінде тәрбие бөлімшесі бастығының аға көмекшісі болып қызмет ететін Құралбек Бақтыгерей — Отан қорғауға үлес қосып жүрген әскери қызметшілердің бірі. Ол жас сарбаздарды әскери өмірге даярлауда да зор еңбек сіңіріп жүр.
Туған жерім — Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базаршолан ауылы. Осы ауылда орта мектепті аяқтап, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдадым. 2023 жылы маусым айында әскерге шақыртылып, Отан алдындағы борышымды ойдағыдай өтедім. Отбасында үш ағайындымыз, анам бар, өзім үйдің кенжесімін. Екі ағамның отбасы бар, ал мен әзірге үйленген жоқпын. Отбасымда әскери салада еңбек еткендер жоқ, дегенмен осы салаға қызушылығым басым болды. Соның нәтижесінде былтыр тамыз айынан бастап осы бөлімге жұмысқа қабылдандым. Қазіргі әскери шенім — қатардағы жауынгер, - дейді ол.
Құралбек әскери бөлімде сарбаздарға мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастыру, әскерилерге сабақ беру, сондай-ақ қазақ халқының салт дәстүрлерін, әдет- ғұрпын насихаттау, танымал тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын жаңғырту, таныстыру сияқты тәрбие жұмыстарын жүргізеді.

Сарбаздар әскери өмірге азаматтық өмірден негативпен, күмәнмен келетіні жалған емес, сол себепті әскердегі алғашқы күндері үйренісе алмай, тәртіпке, күнделікті күн тәртібіне машықтана алмай жатады. Дегенмен уақыт өте келе үйренісіп, барлығы бір-біріне бауыр басады, әскери өмірдің тәртібіне қалыптасады. Тәртіпке, жауапкершілікке, жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бауырмалдылық, адалдық секілді асыл қасиеттерді бойларына сіңіріп, бір жылдық борышын атқарған сарбаздар отбасыларына оң өзгеріспен оралады, - дейді ол.
Қазір Құралбек әріптестерімен бірге 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай әскери бөлімде ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындалуда. Жылдағыдай мұнда ашық есік күні өтіп, әскери техникалар мен қару-жарақтар таныстырылып, әскерилердің өмірі мен қызметі жайлы келушілерге қызықты малұматтар беріледі.
№6655 әскери бөлімінің №2 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Жанкелді Құрманғазиевтің әскери салада жүргеніне биыл 9 жыл болған. Оның туған жері — Ақтөбе облысы Шалқар ауданы. Шалқар қаласындағы №5 орта мектепті бітіріп, 2016 жылы Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түскен.
2020 жылы оқу орнын тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бағыты бойынша аяқтаған. Содан алғашқы еңбек жолын ҚР Ұлттық ұланының "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты №5517 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып бастаған.
Аталған бөлімде 2023 жылға дейін қызмет атқардым. Ал сол жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласындағы №6655 әскери бөліміне ауыстым. Қазір осы бөлімдегі №2 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасарымын. Әскери шенім — аға лейтенант. Негізгі қызметім — батальонның жеке құрамының тәрбиесіне, сарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйіне жауап беру, сондай-ақ тәрбиелік-патриоттық іс-шаралар жүргізу, қоғамдық шараларға атсалысу. Биыл жыл басынан бері батальон сарбаздарын қаламыздағы кинотеатрға, облыстық музейге апарып, түрлі шараларға атсалыстық. Ал ертең Өнер орталығында облыс әкімінің қатысуымен өтетін мерекелік шараға қатысамыз, - дейді Жанкелді.
Аға лейтенант жұмыс істейтін №2 жедел мақсаттағы батальонда Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік шара өткізілген. Онда әскери бөлім командирі сарбаздарды мерекелерімен, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, жеке құрамның екі сарбазын, бір келісімшарт бойынша әскери қызметшіні және бір офицерді наградтаған.

Әңгіме барысында Жанкелді әскери қызметші болуды мектеп қабырғасында жүргенде-ақ армандағанын жеткізді. Ол өзі оқыған орта мектептің 9-сыныбында оқып жүргенде алғашқы әскери дайындық пәнінен далалық жиындарға қатысқан.
Содан бастап оның әскери өмірге деген қызығушылығы артқан. Мектепте өзгелерден оқ бойы шығып, үздік үлгі көрсеткен, парадтарға атсалысып, өзінің шеберлігін дәлелдеген. Отбасында екі қыздың соңынан еріп келе жатқан үйдің кенжесі осылайша әскери саланы таңдаған.
Жанкелді оқу орнында өзінің алғырлығымен, пысықтығымен ерекше көзге түскен. Соның нәтижесінде Ұлттық ұлан академиясын бітірген қатарластары арасында алғаш болып батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болған. Ол мұндай жетістікке алдымен білімі мен білігі, одан кейін мінезі арқылы жеткен.
Бүгінде аға лейтенант әскери қызметінде өз жұмысын тиянақты, аса жауапкершілікпен орындаумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысады. Мәселен, әскери бөлімде өтетін іс-шараларда өз өнерін көрсетіп, жас сарбаздарға үнемі үлгі көрсетіп жүреді. “Жігітке жеті өнер де аз” деген ұстанымды ұстанатын ол әскери қызметші әрдайым өнерлі, талапшыл, жан-жақты болуы керектігін айтады.
Отан қорғаушылар күні — бұл Отанына адал қызмет ететін, патриот, елжанды азаматтардың мерекесі. Біз жыл сайын осы мерекеде сарбаздарға бұл күннің маңыздылығын, мәнін түсіндіріп, танымдық іс-шаралар өткіземіз. Бұл күн тек мереке ғана емес, ел, жер үшін қызмет етіп жүрген барша сарбаздардың рухын көтеретін, намысын оятып, бойына күш-қуат беретін мереке. Сондықтан барша сарбаздарды осы мерекемен құттықтай отырып, антына берік, қызметіне адал болуын тілеймін, — дейді ол.
Айта кету керек, Жанкелді Құрманғазиев 2023 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы Алғыс хатымен, 2024 жылы “Ұлттық ұлан қызметі үздігі” төсбелгісімен марапатталған.