Ол жылдар бойы қордаланды. Сенатор білім беру саласындағы мәселелерді қозғады

17 Қыркүйек 2020, 11:49
2319
Бөлісу:
Ол жылдар бойы қордаланды. Сенатор білім беру саласындағы мәселелерді қозғады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед білім беруге байланысты мәселелерді айтып, премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

Кейінгі жылдары білім саласын дамытуға, атап айтқанда, компьютерлер сатып алуға, интерактив тақталарға, мектептерді интернетке қосуға, электрон оқу жүйесін енгізуге көптеген қаражат бөлінді. Талай министр осы залға келіп, орасан зор жұмыс атқарылғаны туралы ұзын-сонар баяндауларына қарамастан пандемияда бұл салада қордаланған мәселелердің әлі көп екені анықталды. Бұл туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында мейлінше ашық, айқын айтып берді. Әсіресе, бірыңғай білім беру платформасын ұйымдастыру мәселесі жөнінде. Енді білім саласындағы жүйелі проблемалар пандемия жағдайында ғана қалыптасқан жоқ. Ол жылдар бойы қордаланды, - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Үкімет басшысының атына жолданған сауалда депутат қашықтан оқытуға қатысты мәселелерге назар аударған. Сенатор отандық онлайн білім беру платформаларына ортақ кемшілік ретінде олардың жұмыс істеу жылдамдығының төмендігін айтты. 

Оның сөзіне қарағанда, интернет-трафиктің дәл сондай көлемімен шетелдік онлайн ресурстар мен қосымшалар анағұрлым тез жұмыс істейді. Осыған орай депутат жаңа онлайн білім платформасын әзірлеген кезде осы мәселенің ескерілгені орынды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, сауалда қашықтан оқыту барысында, әсіресе, шетелдік қосымшаларды пайдаланған кезде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жат бейнежазбалардың тарап кетпеуінің алдын алу, кезекші сыныптарды ұйымдастыру және білім алу үдерісіне мәжбүрлі түрде қатыса алмай отырған аз қамтылған отбасылар балаларының санына талдау жүргізу жұмыстарына баса мән берілген.

Осы айтылған мәселелерді ескере келе сенатор Мемлекет басшысының бірыңғай білім беру онлайн-платформасын құру туралы тапсырмасы нақты қандай мерзімде іске асырылатынын сұрады.

Онлайн білім беру платформасын құруға мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Қашықтан оқыту аясында азаматтардың тегін орта білім алуы үшін конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе?, – деді депутат.

Сондай-ақ, сауал барысында ұзақ мерзімді қашықтан оқытудың салдарынан білім беру деңгейінің төмендеуімен байланысты алдағы уақытта қандай шараларды қолға алынатыны және әртүрлі әлеуметтік топтардағы білім алушылардың арасындағы білім беру деңгейінің алшақтықтығын азайту бойынша үкметтің қандай жоспары бар екені сұралды.

Өзгелердің жаңалығы