АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Ресеймен қақтығысты аяқтау керек, әйтпесе Киев ауыр салдарға тап болады деп мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости және “Обозреватель” басылымдарына сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сіздер соғысты аяқтайсыздар немесе бәрін сол күйінде қалдырып, не болатынын көресіздер. Олар ары қарай соғыса берсін, – деді Трамп журналистерге Air Force One ұшағына отырар алдында.
Трамптың айтуынша, Владимир Зеленский соғысты жалғастырғысы келеді, ал АҚШ “шұғыл атысты тоқтатуды” қалайды.
Біз бүгін Зеленскиймен кездестік, менің ойымша, оның көзқарасынан қарасақ, кездесу сәтті өтті деп айту қиын. Ол өз рөлін тым асыра ойнады деп ойлаймын. Біз бейбітшілік іздеп отырмыз. Бізге күш көрсететін адам қажет емес, сосын бейбіт келісім жасаспай, өзін батыл сезініп жүреді. Мен тыныштықты қалаймын. Біз 10 жылдық соғысқа кіріп, ойын ойнағымыз келмейді. Бізге бейбітшілік керек, – деді Трамп.
Трамп сонымен қатар өткен аптада екі мыңға жуық украин және ресейлік сарбаз қаза тапқанын атап өтті.
Кейбіреулер: “Сізге Украина мен Ресей сарбаздарының қандай қатысы бар?” деп сұрауы мүмкін. Бірақ мен бәріне алаңдаймын, – деді АҚШ президенті.
Трамптың пікірінше, Зеленскийдің қолында “өте әлсіз карталар” бар, ал егер бейбіт келісім жасалса, Украина президенті “күшті позицияға” ие болады.
Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің “соғысты аяқтағысы келетінін”, ал Зеленскийдің “бейбітшілікті қаламайтынын” айтты.
Бұл адам бізді тартып, соғысты жалғастырғысы келеді. Біз бұған бармаймыз, – деді Ақ үй басшысы.
Сондай-ақ Трамп Зеленскийдің АҚШ-пен келіссөздерді жалғастыру үшін Путин туралы теріс пікірлерді айтуды доғарып, бейбітшілікке дайын екенін жариялауы керектігін айтты.
Келіссөздерді бастау үшін Зеленский “Мен бейбітшілік қалаймын. Мен соғысқым келмейді. Адамдар қаза тауып жатыр” деуі керек, – деді Трамп.
28 ақпанда Владимир Зеленский Ақ үйде Дональд Трамппен кездесті. Кездесу барысында ол АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен, кейін Трамптың өзімен жария түрде сөзге келді. Осыдан кейін Зеленский Ақ үйден мерзімінен бұрын кетіп, пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қойылмады.
Оқиғадан кейін көптеген еуропалық көшбасшылар Зеленский мен Украинаға қолдау білдірді.