АҚШ президенті Дональд Трамп швед экобелсендісі Грета Тунбергті сынға алып, оны «пранкстер» деп атап, енді оның қоршаған ортаны қорғаумен айналыспайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Ол енді экологиямен айналыспайды. Ол – пранкстер, әрі ашуын басқара алмайды. Меніңше, ол дәрігерге көрінуі керек, - деді Трамп Ақ үйдегі журналистерге берген жауабында.
Сондай-ақ ол Тунбергті «зұлым және ақылсыз» деп атады.
Мұндай мәлімдеме Трамптың Израильден Грета Тунбергтің депортациялануына қатысты сұраққа берген түсіндірмесі кезінде айтылды. Бұған дейін Израильдің Сыртқы істер министрлігі «Сумуд» флотилиясының құрамындағы 171 белсендінің, оның ішінде Тунбергтің де, елден шығарылғанын хабарлаған еді.
«Сумуд» (араб тілінен – «төзімділік, қарсылық») деп аталған флотилия қыркүйек айында Тунистен Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізу мақсатында шыққан болатын. Алайда Израиль билігі бұл әрекетті арандатушылық деп бағалап, әскери-теңіз күштері кемелерді ұстап, 400-ден астам белсендіні тұтқындаған.