Оқушылар информатика пәні бойынша халықаралық олимпиадада төрт қола медальға ие болды

30 Маусым 2021, 16:42
3538
Бөлісу:
Оқушылар информатика пәні бойынша халықаралық олимпиадада  төрт қола медальға ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. IOI 2021 (International Olympiad in Informatics) 33-ші Халықаралық олимпиадасында информатика пәні бойынша қазақстандық құрама төрт қола медальға ие болды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Олимпиада 19-28 маусым аралығында Сингапур ұлттық университетінде онлайн-форматта өтті. Зияткерлік байқауға әлемнің 88 елінен 351 оқушы қатысты.

Қазақстанның атынан халықаралық деңгейдегі байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы және Орал қалаларынан 4 оқушы қатысты. Олардың барлығы информатика пәні бойынша Республикалық пәндік олимпиаданың жүлдегерлері мен жеңімпаздары. Оқушыларды еліміздің жетекші IT университеттерінің жаттықтырушылары дайындады.

Олимпиадада біздің қатысушыларымыз информатика саласында жоғары білімдерін көрсетіп, екі кезеңде алты алгоритмдік тапсырманы орындады. Нәтижесінде құрама команда қоржынында 4 қола медаль бар. Олардың иегерлері – Мақсотов Жамбыл, Мұқымбеков Мансұр, Ашуров Әлтайыр, Сахмолдин Мухаммадариф.

Қазақстандық оқушылардың халықаралық зияткерлік жарыстардағы жетістіктері білім сапасы мен отандық жаттықтырушылардың жоғары қабілетін, ата-аналардың қолдауы мен оқушылардың ерік-жігерін көрсетеді. Жеңімпаздарды лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушылардың өзін-өзі дамытуы үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыратынын атап өткіміз келеді, – деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы информатика пәні бойынша халықаралық олимпиада да қашықтан өтті. Құрама бір күміс медалді жеңіп алған болатын.



Өзгелердің жаңалығы