Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халық алдында есеп беру кездесуі кезінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке көрермендер оқушылардың қашан мектепке оралатыны туралы сауал жолдады.
Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға, біздің өзімізге байланысты. Еегер халықтың көп бөлігін вакцинациялай алсақ және барлық санитарлық талап пен шектеуді сақтасақ, қыркүйек айынан бастап білім беру ұйымдарымызды, ең алдымен, мектептерді аша аламыз деп санаймын, - деп айтты Аймағамбетов.
Министр оқушылардың мектепті сағынып жүргендерін білетінін айтты.
Балалар мектепті, ондағы достарын, мұғалімдерін сағынып жүргенін білеміз. Сондай-ақ оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер, жалпы бәріміз тезірек оқытудың дәстүрлі формат түрі келгенін күтіп жүріміз. Әрине, бұл ең алдымен өзімізге, халыққа байланысты болып отыр, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.
Аймағамбетов мемлекет тарапынан қабылданып жатқан эпиджағдайға қарсы іс-шаралар келесі жылдан бастап мектептерді ашып, дәстүрлі форматқа оралатынымызға үміт беретінін айтты.
Еске сала кетейік, 25 мамыр 2020-2021 оқу жылы аяқталып, 26 мамырдан 19 маусымға дейін жазғы мектептер жұмысы басталды. Мұнда балалар карантин және қашықтан оқыту кезінде түсініксіз болған пәндерді қайталайды.